Қазақстан фермерлер одағы референдумды қолдайды

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан фермерлері Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуды қолдайды. Бұл туралы бүгін елордада Қазақстан фермерлер одағының вице-президенті Ақжол Әбдуләкімов мәлім етті.

Қазақстан фермерлер одағы референдумды қолдайды

«Қазақстанның фермерлік немесе шаруа қожалықтарында шамамен 2 миллионнан астам адам еңбек етеді. Біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың өкілеттік мерзімін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасын қолдаймыз. Президент өзі бастаған шараларды аяғына дейін атқаруы керек, сол үшін президенттік өкілеттігін ұзарту керек. Бұдан бөлек, Президент тәуелсіздіктің алғашқы жылынан-ақ кеңшарлар мен ұжымшарларды таратып, олардың базасында шаруа қожалықтарын құрып, еліміздің осы саласының өркендеуіне ерен еңбек сіңірді», - деді одақтың вице-президент.

Сонымен қатар, А. Әбдуләкімов Елбасы саясатының арқасында шаруагерлердің мүддесін қорғау бағытында барлық шаралар атқарылып жатқанын айтып, бұл бағытта «Шаруа және фермерлік қожалықтар туралы» заңның қабылданғанын атап өтті.