Қазақстан фермерлері дизель отынының қымбаттайтынына алаңдаулы

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстан фермерлері одағына түскен ақпаратқа сәйкес, көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизельдік отынның бағасы қымбаттайды. 
None
None

Бұған дейін «арзандатылған» жанар-жағармайдың бір тоннасы 127 000 теңге болса, мамыр айында мұнай өңдеу зауытында оның бағасы 130 000 теңгеге дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Демек, дизельдік отынның жаңа бағасы бір литрі үшін 107,5 теңгені құрайды. Алайда бұл - зауыттағы баға, оны әлі аймақтарға жеткізу керек. Сол кезде жанар-жағармайдың бағасы 123 теңгеден асып кетеді. Операторлар ол бағаның ішіне сан алуан шығындарды, тіпті несиелерді жабуға қажетті қаражатты да кіргізіп қояды», - делінген Қазақстан фермерлері одағының ресми хабарламасында.

Оған сәйкес, 28 сәуір күні ҚР Энергетика министрлігінде өткен кеңесте көктемгі егіс жұмыстарына арналған жанар-жағармайдың бағасын көтеру туралы шешім қабылданды. Сол жиналыстың хаттамасында «арзандатылған» дизельдік отынның бір тоннасын 130 000 теңгеге дейін көтеру жайында жазылған. Алайда жаңа бағаның қалай енгізілетіні белгісіз. Себебі дизельдік отынды жеткізу туралы келісімдердің бәрі рәсімделген.

«Бәлкім, жаңа бағаны қосымша келісімшарттар арқылы енгізеді. Сол себепті ондай құжаттарға қол қою қажет десе, диқаншыларға оған келіспеуге кеңес береміз. Әйтпесе, дизельдік отын үшін жаңа бағамен төлеуге тура келеді», - дейді Қазақстан фермерлері одағының заңгері Ерлан Оспанов.

Ұйым ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегіне сеніп отыр.

Айта кетейік, 18 сәуір күні өткен Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мамыр айында жанар-жағармай бағасы өзгеруі мүмкіндігін айтқан еді . «Биылғы көктемгі егіс жұмыстарын өткізу үшін дизельдік отын тоннасының бағасы 127 мың теңге. Бір литрі 105,4 теңгеден. Тасымалдау, сақтау және жеткізу шығындарын есепке алғанда дизельдік отынның бағасы литріне 117-126 теңгені құрап отыр. Мамыр айынан бастап бағалар өзгеруі мүмкін. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, облыс әкімдеріне бір өтініш айтқым келіп отыр, бұл мәселені қатаң бақылауға алып, тиісті шараларды қабылдау керек», - деді Бозымбаев.

 

Соңғы жаңалықтар