Қазақстан Франция және Германиямен сотталған азаматтарды елге қайтару туралы келісім жасамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция мен Германияда жазасын өтеп жатқан қазақстандықтар елге қайтарылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Сенат комитетінің кеңейтілген отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.
Еске сала кетейік, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
«Осындай келісімдер қылмыстық істердің барлық бағыттары бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Шарт жасалған мемлекеттің аумағында адамдарды тергеу қажеттілігі туындауы мүмкін. Бұдан бөлек, шет елдерге шығарылған активтерді қайтару оңайлатылады. Бұған дейін Қазақстан мен Ұлыбритания өзара түсіністік негізінде ғана қарым-қатынас жасап келді. Дегенмен, нақты шарт жасалмаса, кез келген мемлекет мұндай көмекті көрсетуге келісе бермейді», - дейді И. Меркель.
Бас прокурор орынбасарының айтуынша, Қазақстан мен Ұлыбритания арасында бұған дейін құқықтық ынтымақтастық аясында өзара құқықтық көмек көрсету, экстрадициялау және сотталғандарды беру туралы үш келісім жасалған. Ал алдағы уақытта Франция және Германиямен дәл осыған ұқсас үш келісім жасалатын болады. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыстармен айналысатын сараптамалық топ құрылған. Сонымен қатар, Германиямен де қылмыстық істер бойынша ынтымақтастықты кеңейту көзделеді.