Қазақстан Францияның энергетикалық қауіпсіздігінің кілті – Bloomberg

Bloomberg ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Франция президенті Эмманюэль Макрон энергоресурстарға бай Орталық Азияға сапар шегеді. Ол уран жеткізетін екі мемлекет - Қазақстан мен Өзбекстан баруды көздеп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Франция президенті
Фото: Скриншот

Франция президентіне жақын ақпарат көздерінің хабарлауынша, Макронның сапарының мақсаты Францияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту.

Мұнай мен газ қоры зор, қойны-қонышы қазба байлықтарға толы Орталық Азия Еуропаны қызықтырып отыр. Еуропалық Одақ өңірде Кавказ арқылы Еуропаға жол тартатын сауда және энергетикалық дәліз салуға ұмтылуда.

Бүгінгі таңда Франция Орталық Азия өңіріне салынған ірі инвестицияларымен мақтана алады. Мысалы Францияның Areva деген атаумен танымал Orano S.A. компаниясы Қазақстанда «Қазатомөнеркәсіп» мемлекеттік компаниясымен бірге уран кеніштері бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Франциялық инсайдерлердің бірінің сөзінше, Эмманюэль Макронның сапары барысында компанияның қазақстандық нарықты көбірек қамту мәселесі сөз болмақ.

Францияға уран өндіру ісі Нигерде шілде айында болған төңкерістен кейін өзектілене түсті. Өйткені Нигер Еуропалық Одақ үшін Қазақстаннан кейін екінші уран көзі болатын.

Orano компаниясы Сахарадағы кәсіпорындарының бірінде уран өндіру ісін тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені оларда санкцияларға байланысты логистика бойынша бірқатар қиындық туды.

«Қазақстан Франция үшін энергетикалық қауіпсіздіктің кілті десе болады. Макронның сапары Париждің ынтымақтастыққа дайын екендігінің көрсеткіші болмақ»,- дейді Париж халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі Майкл Левистоун.

Франция Экономика министрлігінің мәліметтерінше, өткен жылы Қазақстан Францияға ірі уран жеткізуші болып қана қоймай, 2021 жылы бірінші орыннан төмендеген соң, шикі мұнай көзінің көлемі бойынша екінші орынға тұрақтады.

Елисей сарайы өкілінің айтуынша, Франция президентімен бірге энергетика, агро азық-түлік, тау-кен өндіру секторларынан 15 өкіл, сондай-ақ Electricite de France SA компаниясы мен Assystem SA инженерлік компаниясының өкілдері келіп, ядролық реакторлар салу мәселесі бойынша, консультация жүргізеді.

Бұл Қазақстанның АЭС салу бойынша референдум өткізуге дайындалып жатуымен байланысты болуы ықтимал. Франция сонымен қатар Қазақстанның келесі жылдан бастап, сирек кездесетін металдарды өндіру ісін қолға алғалы отырғандығынан да хабардар.

Эмманюэль Макрон Моңғолияға барып, ірі көлемде уран сатып алу туралы келісімге қол қойған Францияның тұңғыш президенті.

Сондай-ақ ол Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық саммитіне қатысқан алғашқы Франция көшбасшысы.