Қазақстан француз инвестицияларын қай салаларға тартпақ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Франция инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, өндірістерді жергіліктендіру мен озық технологияларды енгізуге басымдық бермек. Қазір екі елдің бірлескен инвестициялық портфелі 43 жобаны қамтиды. Оның 18-і іске асырылған, 10-ы жүзеге асырылып жатыр, тағы 15 жоба пысықталуда.

Қазақстан француз инвестицияларын қай салаларға тартпақ
Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев пен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің экономикалық дипломатия жөніндегі директоры Дамьен Лорастың кездесуінде талқыланды.

Кездесуге Францияның Қазақстандағы елшісі Сильвен Гиоге, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарушы директоры Әсел Суанқұлова және екі елдің бейінді ведомстволарының өкілдері қатысты.

Қазақстан француз инвестицияларын қай салаларға тартпақ
Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Франция Қазақстанның ең ірі жеті инвесторының қатарына кіреді. Екі ел арасындағы сауда қатынастарында да оң динамика байқалады. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,6%-ға өсті.

-Қазақстан Франциямен стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайды. Біз инвестиция тартумен қатар, өндірістерді жергіліктендіруге, озық технологияларды енгізуге және қазақстандық мамандарды даярлауға мүдделіміз. Елімізде жұмыс істеп жатқан француз компанияларына да, Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыруды қарастырып отырған кәсіпорындарға да қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ардақ Зебешев.

Француз компанияларымен ынтымақтастық Қазақстан экономикасының бірнеше негізгі саласын қамтиды.

Атап айтқанда, TotalEnergies қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жобасын іске асырып жатыр. Air Liquide сутегі мен өнеркәсіптік газдар өндіру жобаларымен айналысады. Ал Alstom теміржол саласын жаңғырту бағытындағы әріптестікті жалғастырып келеді.

Қазақстан француз инвестицияларын қай салаларға тартпақ
Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Сонымен қатар француз инвесторлары үшін мұнай өңдеу, геологиялық барлау, аса маңызды және сирек жер материалдарын өңдеу, фармацевтика, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, сумен жабдықтау және энергетикалық инфрақұрылым салаларында жаңа мүмкіндіктер бар.

-Қазақстанда 2027 жылдың Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялануы да екіжақты әріптестікті кеңейтуге серпін бермек. Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту француз инвестицияларын, инженерлік құзыреттер мен технологиялық шешімдерді тартуға жол ашады,-делінген хабарламада.

Кездесу қорытындысында тараптар іскерлік байланыстарды нығайтуға, жаңа өндірістер құруға және Қазақстан экономикасының технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен инвестициялық бастамаларды ілгерілетуге мүдделі екенін растады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанға сингапурлық инвестиция ағыны 1,5 млрд долларға жетті.