Қазақстан Футбол федерациясының Тәртіптік қадағалау комитеті 10 командаға 1,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салды
АЛМАТЫ. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Қазақстан Футбол федерациясының кеңсесінде Тәртіптік қадағалау комитетінің мәжілісі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Федерацияның интернеттегі сайтына сілтеме жасап.
Бұл жиында УЕФА жарыстарына қатысу үшін лицензиялаудың инфрақұрлымдық, кадрлық және әкімшілік шарттарын орындамағаны үшін 10 футбол клубына 1,6 миллион теңге айыппұл төлетуге шешім шығарылды. Командалардың үлесі - "Қайсар" мен "Қазақмыста" 300 мың теңгеден, "Атырау" мен "Востокта" 200 мың теңгеден, "Ордабасы", "Тараз", Шахтер", "Локомотив", "Оқжетпес", "Ертіс" клубтарында 100 мың теңгеден болып отыр. Енді «Оқжетпес» клубынан Нұржігіт Нұрғазы, "Тараз" клубынан Александр Денисов 5 матчқа, ал "Ертіс" клубынан Димитар Наков 3 матчқа қатыспайтын болды. Комитет сондай-ақ, "Шахтер" футбол клубына және "Локомотив" клубының қосалқы құрамының бас бапкері Серік Әбдуәлиевке сөгіс жариялауға шешім шығарды. Тараптар Тәртіптік қадағалау комитетінің бұл шешімімен келіспесе, 10 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Футбол федерациясының Апелляциялық комитетіне шағымдана алады.