Қазақстан футбол клубтарының 5 бапкері УЕФА-ның JIRA бағдарламасының PRO дәрежесі лицензиясын алады
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Наурыз айындағы УЕФА конгресінде Қазақстан футбол клубтарының 5 бапкерне УЕФА-ның JIRA бағдарламасының PRO дәрежесі лицензиясының дипломы табыс етіледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Футбол федерациясының интернет сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Футбол федерациясның Техникалық орталығы тамыз айында Алматыда УЕФА-ның IRA бағдарламасының PRO дәрежесі бойынша қорытынды сессиясын өткізген болатын. Теориялық, әдістемелік, тәжірибелік сабақтар мен футбол клубтарындағы өзіндік жұмыстары мен сынақ ісі кіретін 246 сағат көлеміндегі толық оқу курсынан өткен 12 тыңдаушы емтиханға жіберілді. Емтихан футбол теориясы мен әдістемесі, педагогика, психология, спорттық медицина және футбол ойынының ережесі бойынша өтті. Қорытынды емтихан тапсырудың нәтижесі бойынша тыңдаушылардың бесеуіне PRO дәрежесі бойынша лицензия беру туралы шешім шығарылды. Олар - Владимир Фомичев, Юрий Коньков, Ойрат Садуов және Тимур Оразов. Бапкерлерге арнайы диплом наурыз айындағы УЕФА конресінде Қазақстан УЕФА Бапкерлер конвенциясына қол қойған соң табыс етіледі деп жоспарлануда. Қазақстан Футбол федерациясының УЕФА-ның Бапкерлер конвенциясына PRO лицензиясы деңгейінде қосылуы туралы шешімді УЕФА Атқару комитеті желтоқсанда шығарған болатын.