Қазақстан футболдан Еуропа чемпионаты жеребесі алдында қай себетке орналасты

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан құрамасы 2028 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің жеребе тарту рәсімі алдында қай себетке орналасқаны белгілі болды.

Қазақстан футболдан Еуропа чемпионаты жеребесі алдында қай себетке орналасты
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

UEFA 2026/27 маусымындағы Ұлттар лигасының топтық кезеңінің қорытындысы бойынша жалпы рейтинг негізінде 54 құраманы бес себетке бөлді. Қазақстан бұл бойынша 45-орынға табан тіреді. 

Жеребе тарту рәсімінде құрама алғашқы үш себеттің әрқайсысынан бір-бір қарсылас алады. Егер қазақстандықтар бес құрамадан тұратын топқа түссе, оларға бесінші себеттен тағы бір команда қосылады.

Жеребе алдындағы себеттер құрамы:

Бірінші себет: Англия, Португалия, Франция, Германия, Испания, Бельгия, Нидерланд, Норвегия, Грекия, Италия, Дания, Хорватия.

Екінші себет: Уэльс, Сербия, Түркия, Чехия, Швейцария, Швеция, Аустрия, Солтүстік Ирландия, Словения, Босния және Герцеговина, Венгрия, Ирландия.

Үшінші себет: Украина, Шотландия, Косово, Польша, Израиль, Румыния, Грузия, Солтүстік Македония, Черногория, Албания, Исландия, Словакия.

Төртінші себет: Эстония, Беларусь, Фарер аралдары, Кипр, Финляндия, Молдова, Армения, Болгария, Қазақстан, Люксембург, Латвия, Сан-Марино.

Бесінші себет: Мальта, Әзербайжан, Литва, Андорра, Гибралтар, Лихтенштейн.

Жеребе тарту рәсімі 6 желтоқсанда Қазақстан уақытымен сағат 22:00–де Солтүстік Ирландия астанасы Белфаст қаласында өтеді. Құрлықтық бәсекенің финалдық кезеңіне 12 топтың жеңімпаздары және екінші орын алғандар арасындағы үздік сегіз құрама тікелей жолдама алады.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі 2028 жылдың 9 маусым-9 шілде аралығында Англия, Шотландия, Уэльс және Ирландияда өтеді. Онда барлығы 24 құрама сынға түседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасын төртінші орынмен аяқтады.