Қазақстан футболына қандай стадиондар қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылордада Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионның қосалқы алаңы толық күрделі жөндеуден өтіп, жақында пайдалануға берілді. 

Сыйымдылығы 1300 адам. Ал «Қайсар» - «Ақтөбе» кездесуіне ресми түрде 2 мың көрермен жиналғанын ескерсек, көпшілігінің ойынды тік тұрып тамашалағанын болжау қиын емес, деп жазылған Астана футбол федерациясының ресми сайтында (авторы - Әзиз Жұмаділ).

Жалпы, Қазақстан футболына қандай стадиондар қажет?

Премьер-лиганың алғашқы айналымы да аяқталып, мамырдың бірінші ширегі де артта қалып барады. Бірақ, жасыл алаң мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өз алаңындағы ойындарын қосалқы алаңдарында өткізіп жүрген командалар әлі де баршылық. Ал еурокубок ойындары жақындап қалды. Енді бір айдан кейін «Астана» Чемпиондар лигасында, ал «Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы» Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысады. 

Елордалықтар мен алматылықтардың ахуалы белгілі. Олардың ареналары халықаралық ірі матчтарды қабылдай алады. Стадиондары УЕФА талаптарына сай. Дегенмен, Павлодар мен Шымкент стадиондары ше? Олардың да стадиондарында іріктеу кезеңдерінің ойындарын өткізуге болады. Ары қарай топтық кезеңге өтуге «Ертіс» пен «Ордабасының» шамалары да жете қоймас.

Елімізде сыйымдылығы 10 мың адамнан асатын 11 стадион бар екен. Оның жетеуінде Премьер-лига ойындары өтеді. Қалған төртеуінде Бірінші лига командалары доп тебуде. Яғни, «Атырау», «Ақжайық», «Тобыл», «Қайсар» және «Оқжетпес» қонақтарын сыйымдылығы 10 мың адамға жетпейтін стадиондарда қабылдап жүр. Атыраудағы «Мұнайшыға» - 8 900, Оралдағы Петр Алоян атындағы стадионға  - 8 320, Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионға - 7 000, ал Көкшетаудағы «Оқжетпеске» бар болғаны 4158 көрермен сияды. 

Дегенмен, аталмыш стадиондарда жанкүйерлердің лық толып отырғандары шамалы. Оның үстіне, Премьер-лига командаларының жартысына жуығы әлі өзінің негізгі алаңына көше қойған жоқ. Ал «Ордабасы» мен «Қайсардың» негізгі ареналары Премьер-лига ойындарына жарамсыз деп табылып, қосалқы алаңдарға көшірілді.

Қосалқы алаңдарға келер болсақ, Қызылордада Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионның қосалқы алаңы ұзақ күттіріп барып күрделі жөндеуден өтті. Кәсіпқой футбол лигасының арнайы комиссиясы алаңның сапасын тексеріп, мақтап кетіпті. Оны өздерінің ресми сайттарында жазды да. Алайда, арена бар болғаны 1 300 көрерменге арналған. 

Осы орайда айта кетейік, «Қайсар» - «Астана» кездесуін тамашалауға 5 000 адам жиналды. Ол ойынды Стойчо Младенов шәкірттері негізгі стадионда өткізген. Бірақ, «Ғани Мұратбаев» пен «Локомотив» стадиондарының алаңдары жарамсыз деп табылғаннан кейін «Ақтөбені» қосалқы алаңда қабылдаған. Бас төрешінің хаттамасына сүйенсек, ойынды тамашалауға 2000 көрермен келген екен. 

Дегенмен, жанкүйерлердің саны екі есе көп болуы да мүмкін. Өйткені, алаң жиегінде командасына тік тұрып жанкүйер болғандар да жетерлік. Соған байланысты қазір ол жақта қосымша трибуналар қосуға қаржы бөлінген екен. Қолдағы ақпараттарға сенсек, Орталық стадионның алаңын жақсартуға 150 миллион теңге қарастырылыпты. Тамыз айында толық аяқталып, сапасы жөнінен Алматының Орталық алаңынан еш кем болмайтын көрінеді.

Түйіндей айтқанда, Қазақстан Премьер-лигасының ойындарын әр қалада тұрақты түрде 3-5 мың көрермен тамашалап тұрады. Еурокубок ойындарына келсек, «Астана» мен «Қайрат» болмаса, алдағы он жылда басқа клубтарымыз Чемпиондар немесе Еуропа лигасының топтық кезеңіне асықпайтын сияқты. Ал іріктеу кезеңдерін қазіргі алаңдарында-ақ қабылдай беруге болады. 

Соңғы жаңалықтар
telegram