Қазақстан ғалымдары сұранысы жоғары 70-тен астам өнімді ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар алдындағы әкімшілік кедергілерді жою керек. Бұл туралы «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңын жүзеге асыру барысы туралы баяндаған ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«2016 жылдан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерциялауға байланысты шаралар қарқынды басталды. Бұл өз кезегінде ғалымдарымыз үшін жаңа бағыт болып отыр. Негізінде заңнама өте жақсы жазылған, нақты мәселелер көрсетілген», - деп тоқталды Б. Әбдірәсілов «Нұр Отан» партиясында «Жоғары технологияларды дамыту» жөніндегі комиссияның отырысында.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі қазіргі кезде коммерцияландыру процесі Ғылым қоры мен Дүниежүзілік банк  гранттары есебінен қолдауға ие болуда. 2016-2017 жылдары коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға үш конкурс өткізілді. Қазіргі уақытта Ғылым қоры желісі бойынша тағы бір конкурс аяқталуға жақындады.

«Жалпы, 2016 жылы іріктелініп алынған 8,4 млрд теңгенің 47 жобасы қаржылындырылып жатыр, оның ішінде бірлесіп қаржыландырудың үлесі 10 пайызды құрады. Сонымен қатар қазіргі кезде Дүниежүзілік банк жобалары аясында 17 жобаның авторларымен грант туралы Келісімді бекіту жөнінде жұмыстар атқарылып отыр. Осы орайда бұл жобалардың құны 2,7 млрд теңгеге бағалануда. Бүгінде бизнес тарапынан тартылған қаржының үлесі 911 млн теңгеге жуықтады»,-деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, әрбір жобаны жүзеге асыру кезеңі 3 жылды құрайды.

«Жобалардың аяқталуы уақытына қарай (2018 жылдың соңында) өнімдер мен қызметтердің 79 жаңа түрін құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл сайын шығарылатын және сатылатын өнімнің көлемі 4,47  млрд теңгені құрамақ. Осы орайда салықтық аударымдар 390,4 млн теңгеге жетеді», - деді Болатбек Әбдірәсілов.

Бұдан бөлек ол бүгінде ғалымдар алдында әкімшілік кедергілер бар екенін атап өтті.

«Бұл тұрғыда қазір талқыланып жатқан мәселенің бірі коммерцияландыру жобаларын қосылған құн салығынан босатуға қатысты. Бізде ғылыми жобалар қосылған құн салығынан босатылған, ал коммерцияландыру бағытында жүзеге асырылатын гранттық жобаларға 12 пайыз ҚҚС-ты төлеуге тура келеді. Осы орайда біздің жұмыстарды қаржыландырудың деңгейі төмендетіледі», - деді комитет басшысы.

Соңғы жаңалықтар