«Қазақстан ғалымдары жасаған жаңа технологияларға сұраныс жоқ» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 маусым, бейсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қазақстан ғалымдары жасаған жаңа технологияларға сұраныс жоқ» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед спорттағы жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес өткізді. Отырыс жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев қатысты. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Спорт - Елбасының айрықша назарында тұрған сала» деген тақырыппен берілген. «Баршаңызға аян, спорт - Елбасының айрықша назарында тұрған сала. Президент спорт­қа күнделікті қамқорлық жасап қана қоймай, оның көп­теген түр­лерімен өзі де белсене айналысып, отандастарымызға үнемі үл­гі-өнеге көрсетіп келеді. Міне, еліміздегі спортқа деген осындай орнықты көз­қа­растың арқасында Қазақстанды әлемдік спорт қау­ымдастықтары мойындай бастады»,- деп атап өтті алқалы жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы.

***

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің Еуразиялық Одақта ортақ валюта қолдану туралы мәлімдемесінен кейін Ресей Мемлекеттік Думасының ТМД істері бойынша комитет төрағасы «ортақ валюта да, ортақ тіл де, ортақ шекаралар да керек» екенін айтты. Осыған орай «Айқын» газеті сарапшылардың пікірін білген. Мәселен, Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы:  «Рухани құндылығымызды түгендемей тұрып, оған әлі ерте. Одан кейін кіммен және қалай қосылсақ та, ешқандай қорқыныш болмас еді. Ал басқа елдермен жаһандасудың, достасудың ешқандай ерсілігі жоқ. Бірақ экономикалық мәселенің артында ұлттық мүдде де қалып кетпеуі керек», - дейді. Елге танымал азаматтардың пікірлері «Еуразиялық одақ: валюта да, тіл де ортақ болуы керек пе?» деген тақырып аясына топтасқан.

Сонымен қатар осы басылымда Посткеңестік кеңістікті зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптама орталығының директоры Алексей Власовпен арадағы сұхбат «Қазақ елі саяси транзиттің табалдырығында тұр» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Соңғы уақытта Қазақстанда да, Ресейде де саяси жобаларды басқарудың сапасы әлсіреп қалды. Екі елде де осы жобалардың басы-қасында жүрген шенеуніктеріміздің жұмыс сапасына көңілім тола бермейді. Қысқа немесе өте қысқа мерзімге саяси болжамдар, сараптамалар жасаған кезде бұл жағдайды ескермесек болмайды», - дейді.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың факультет деканы, химия ғылымының кандидаты Ердос Оңғарбаевпен арадағы сұхбат «Қазақстан ғалымдары жасаған жаңа технологияларға сұраныс жоқ» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ғалым: «Болашақ ғалымдар ғылымға берілген тұлға болуы тиіс. Жастар ғылымға қандай жағдайда өздерінің білімдерін арнайды? Олардың басында баспанасы, жеткілікті еңбекақысы, ғылыми-зерттеу жүргізуге қажет заманауи құрал-жабдықтар мен материалдары болса ғана ғылымға жастар көптеп тартылар еді»,-  дейді.

***

Адамзат тарихындағы алғашқы Айға туристік сапар жасау Қазақстан аумағында жүзеге аспақ. Бұл жайында  «Экспресс К» газетінде «Горящий тур на Луну» деген тақырыппен жарық көрген мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, британдық Excalibur Almaz компаниясы Жер серігіне саяхат жасауға ниет танытқан кез келген жанды жеткізуге дайын екендіктерін жария етіп отыр. Айға сапарлаудың құны да белгілі. Анау-мынау емес бақандай 100 млн. фунт стерлинг. Жоба 2015 жылы іске асырылмақ. «Біз қазірдің өзінде билеттерді сатуға дайынбыз», - депті аталған компанияның басшысы Арт Дьюл.