Қазақстан ғалымдарының Форумына қатысушылардың жұртшылыққа арнаған Үндеуі

Біз, 2011 жылғы 1 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Қазақстан ғалымдарының Форумына қатысушылар, ғылым саласының өзекті стратегиялық даму мәселелерін талқылай келе Қазақстан жұртшылығына үндеу тастаймыз.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен Форум және Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөйлеген сөзі отандық ғылымның, еліміздің ғылыми-техникалық және инновациялық даму болашағын жаңаша ұғынуға мүмкіндік берді.
Ел Президентінің ғылыми негізделген стратегиялық бағытының арқасында 20 жыл ішінде әлемдегі экономикасы қарқынды дамыған елдердің қатарына енген жаңа мемлекет құрылды. Индустриалды-инновациялық даму Қазақстан дамуының басым стратегиясына айналды. Мұнда ғылым инновацияның негізі болып, маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға тікелей араласуы қажет.
Биылғы жыл Қазақстан ғылымының жаңа сапаға өтуінің маңызды межесі болды. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған ғылым саласын басқарудың жаңа үлгісі мен «Ғылым туралы» жаңа Заң, зерттеулерді бұрын-соңды болмаған қаржыландыру көлемі және олардың жаңа нысандарын енгізу - ғылымды экономикаға тиімді ендірудің және Қазақстанның инновациялық жаңаруының негізгі факторы болды.
Осы ауқымды міндеттерді іске асыру үшін ғалымдардың, мемлекеттің, бизнестің және барлық қоғамның күштерін тиімді түрде біріктіру қажет.
Біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ғылым саласын үнемі назарынан тыс қалдырмай, қамқорлық жасап, стратегиялық қолдау көрсеткені үшін шын көңілден алғыс білдіреміз.
Қазақстан ғалымдары ел болашағын құруға, әлеуметтік және маңызды экономикалық мәселелерді шешуге бұдан да белсенді, әрі нәтижелі түрде қатысатынына сенімдіміз.
Біз бизнес өкілдеріне ғылыми жетістіктер базасында өндірісті кеңінен жаңартуға, зерттеулерді коммерцияландыру тетіктерін құруға қатысуға және осы саладағы мемлекеттік - жекеменшік әріптестікті дамытуға шақыра отырып, үндеу тастаймыз.
Біз отандық ғылым жетістіктерін барынша насихаттауға және оларды практика жүзінде іске асыруға, жастардың ғылым мен инновацияға деген қызығушылығын тудыруға, ғалымдар мен инноваторлар еңбегінің беделін көтеруге шақырамыз.
Біз жоғары интеллектуалдық әлеуеті бар жастарға ғылыммен батыл түрде айналысып, қажырлы еңбек етуге және жаңа ғылыми нәтижелерді тиімді түрде пайдалана білуге үндейміз.
Біз қазақстандық ғылымның болашағын ойлайтын барша қауыммен өзара қарым-қатынас жасауға дайынбыз.
Біз көпшілік болып, жұмыла кіріскенде ғана елімізді әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру үшін қажетті жағдайлар жасай аламыз.
Еліміздегі ғылымның ілгерілеуі мен жаңа Қазақстанның жарқын болашағы бізге байланысты.
Қазақстанның ғылыми қауымдастығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевқа мемлекеттік жоғары награда «Халық Қаһарманы» атағын беру жөніндегі бастаманы бірауыздан қолдайды.
Алға, Қазақстан!
Бірауыздан қабылданды
2011 жылғы 1 желтоқсан