Қазақстан ғарыш саласындағы өз мүддесін көтеріп еді, бұл жекелеген азаматтардың жағымсыз пікірлерін туғызды - Т. Мұсабаев
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылаған болатын. Сөз арасында депутат Владимир Нехорошев Қазақстан мен Ресей арасындағы ғарыш саласына қатысты айтылып жүрген әңгімелерге назар аударып, бұл жайында Агенттік төрағасынан түсінік беруді сұрады.
«Жақында бірқатар БАҚ-та Қазақстан мен Ресей арасында үлкен келіспеушіліктер болғаны туралы әңгімелер беріліп, тіпті бұнда А. Перминовқа («Роскосмос» басшысы-ред.) сілтеме жасалды. Бұған дейін де Ресей Думасында дәл осы мәселе бойынша әңгіме айтылған болатын. Осыған орай, Қазақстан мен Ресей арасында ғарыш саласына қатысты қандай да бір келіспеушіліктер орын алған ба? Осы жайында түсінік берсеңіз? », деді В. Нехорошев.
Өз кезегінде Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т. Мұсабаев Ресей Думасында болған әңгімеден толық хабардар екендігін білдіріп, бірақ ғарыш саласына қатысты ондағы мәселенің негізсіз айтылғанын, бұны «Роскосмос» басшысы да растағанын атап өтті. «Осыдан екі апта бұрын ресейлік әріптесіммен бұл жайында сөйлестім. А. Перминов ресейлік депутаттың байбаламын қолдамайтындығын айтты. Ал А. Перминовқа сілтеме жасалған мақалаға келетін болсақ, бізге бұндай ресми ақпараттарды ешкім жеткізген жоқ. Ресейлік тарап та бұны жоққа шығарып отыр. Бұл журналистердің ойынан шыққан дүние», деді Т. Мұсабаев.
Дегенмен, Агенттік төрағасы мәселенің мәнін айта келе, бірқатар жайттың басын ашқандай болды. «2007 жылға дейін Қазақстанда ғарыш саласы қызметіне қатысты орталық мемлекеттік орган болмаған еді. Осыдан үш жыл бұрын құрылған Ұлттық ғарыш агенттігінің мақсаты да Қазақстанды ғарыштық мемлекеттердің қатарына кіргізуге ұмтылу болып табылады. Өйткені, Қазақстан әлі де ғарыштық мемлекеттер қатарында емес. Ал Агенттік құрылғаннан бастап, біз жоспарлы түрде «Байқоңыр» кешеніне енуді өзімізге міндет еттік. Жалпы, «Байқоңыр» кешені тек Қазақстанның ғана жеке меншігі, бірақ іс жүзінде онда ешқандай да қазақстандық ғарыштық кәсіпорындар болған жоқ. Сондықтан, қазіргі күні біз ресейлік әріптестермен бірлесіп «Бәйтерек» атты жаңа заманғы зымыран-ғарыштық кешенін құруға кірістік. Бұдан бөлек, біз осы «Байқоңыр» кешенінің иесі ретінде кеңестік кезеңде қалыптасқан зымыран-ғарыштық кешендерге де атсалысқымыз келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Кеңес Одағының мирасы болып табылатын «Зенит» жобасына қатысуға ниетті. Кеңестік мұра болғандықтан, бұл тек Ресейге ғана емес, біздің елімізге де тиесілі дүние. Қазақстан бұл жобаға қатысуға толық әрі алғашқы кезектегі құқыққа ие. Мінеки, біз осы мәселені «Роскосмос» және басқа да ресейлік ұйымдар алдында көтерген едік. Бұнымыз біршама мамандардың «алаңдаушылығына» ұласқан сыңайлы. Осының негізінде, яғни біз өз мүддемізді көтеріп, бұған дейін жолы болмай келген ғарыштық саланы одан әрі дамыту туралы әңгіме қозғап едік, бұл жекелеген азаматтардың жағымсыз, кері пікірлерін туғызды», деді Т. Мұсабаев.