15:00, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Газа секторында орын алған соңғы оқиғаларға терең алаңдаушылық және өкініш білдіреді - ҚР СІМ
АСТАНА. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Республикасы бейбіт тұрғындардың қаза болуы мен зардап шегуіне, сондай-ақ Палестинадағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына душар қылған Газа секторында орын алған соңғы оқиғаларға байланысты терең алаңдаушылығы мен өкінішін білдіреді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан саяси тетіктер арқылы жағдайдың тез арада ретке келтірілуін қалайды және тараптарды мәселелерді күш қолдану жолымен шешуден бас тартуға шақырады. Бейбіт үдерістің түпкі мақсатына тек диалог және келіссөздер арқылы жету мүмкін», деп атап көрсетті сыртқы саясат ведомствосының өкілі өз сөзінде.