Қазақстан-Германия арасындағы сауда-саттық көлемі 2,8 млрд долларға жетті
Мемлекет басшысы геосаяси және экономикалық қиындықтарға қарамастан, былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін айтты.
«Бүгінде Германия компаниялары біздің экономикамызға шамамен 6 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл инвестицияның шамамен 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екенін айта кеткен жөн.
Елімізде неміс капиталының үлесі бар 1000-нан астам компания белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың көпшілігі – әлемге әйгілі брендтер, ал басқалары – орта деңгейдегі отбасылық бизнес. Неміс компанияларының барлығын Қазақстанға шақырамыз. Батылдылыққа, нақтылыққа және жауапкершілікке негізделген неміс бизнесінің тәсілін бағалаймыз. Бұл қасиеттер бизнестегі табыс үшін өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Қазақстан Германияның, тіпті бүкіл Еуропа елдерінің индустриясына қажет табиғи ресурстарды игеруде сенімді серіктес болуға дайын екенін атап өтті.
»Бүгін таңертең Штайнмайер мырзамен кездесу барысында табиғи ресурстарды бірлесіп барлау және игеру ісіндегі ынтымақтастығымызды нығайтуға келістік. Бұл Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы үкіметаралық келісімге тың серпін береді», - деді Президент.







