Қазақстанның Германиядан асыл тұқымды ірі қара малын жеткізудегі мақсаты не

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Сүтті және аралас тұқымды мал шаруашылығы қауымдастығы Германияның Masterrind GmbH компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат асыл тұқымды ірі қара мал жеткізуге және отандық сүтті мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қазақстан Германиядан асыл тұқымды ірі қара мал жеткізеді
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, келісім Германияның Ганновер қаласында өткен EuroTier 2026 халықаралық көрмесі аясында жасалды.

Тараптар жоғары өнімді асыл тұқымды мал жеткізу, Қазақстандағы мал басының генетикалық сапасын жақсарту және сүт өндірісінің өнімділігін арттыру бағытында ұзақ мерзімді әріптестік орнатуды көздеп отыр.

Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін асыл тұқымды малды тиімді шарттармен жеткізу тетіктерін жетілдіру. Бұл ретте сатып алынатын малдың құнын оңтайландыру мүмкіндіктері де қарастырылады.

Шетелдік асыл тұқымды ұйымдармен тікелей әріптестік орнату отандық шаруашылықтардың сапалы генетикалық қорға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстың тиімділігін арттыруға жол ашады.

Қазір елімізде 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Құжатта асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендету, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін арттыру және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту шаралары қамтылған.

-Жоспар аясында сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, мал өнімділігін арттыру, селекциялық жұмыстың тәсілдерін жетілдіру және төл өсірудің заманауи технологияларын енгізу көзделген. Халықаралық әріптестікті кеңейту отандық асыл тұқымды мал базасын дамытуға және Қазақстанның сүтті мал шаруашылығы саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Аустралиядан Қазақстанға 250 асыл тұқымды ірі қара жеткізілетіні туралы жаздық.