Қазақстан Германиямен технологиялық кооперацияны жаңа деңгейге шығаруды көздейді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов пен Германияның федералды экономика және энергетика министрі Катерина Райхе экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Германияның федералды экономика және энергетика министрі Катерина Райхемен кездесті.
Жиында экономика, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика және аса маңызды минералдар салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
— Қазақстан үшін Германия Еуропалық Одақтағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестердің бірі саналады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Германиямен ынтымақтастыққа үлкен мән береді. 2025 жылы өзара сауда көлемі $4,4 млрд-қа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға артты. Алдағы кезеңдедегі басты міндетіміз — екі ел арасындағы дәстүрлі сауда-инвестициялық ынтымақтастықты неғұрлым дамыған өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға айналдыруды қамтамасыз ету. Біз өндірісті локализациялау, технологиялар трансфері және жоғары білікті кадрлар даярлау арқылы өнеркәсіп кооперациясын жаңа деңгейге шығаруға мүдделіміз, — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Бұл бағытта CLAAS және Horsch компанияларының Қазақстандағы ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласындағы тәжірибесі атап өтілді, бұл өндірісті кезең-кезеңімен локализациялау моделінің тиімділігін көрсетті. Аталған модель өнеркәсіптің басқа салаларына да кеңінен енгізілуі мүмкін.
Германияның федералды экономика және энергетика министрі Катерина Райхе Қазақстанның даму серпініне оң баға беріп, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің елеулі әлеуеті барын атап өтті. Германия тарапы өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша Қазақстанмен практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.
— Біздің елдерімізді ұзақ жылдарға созылған берік әрі сенімді ынтымақтастық байланыстырады. Сауданы ғана емес, өнеркәсіптік кооперацияны да дамыту, Қазақстанда жаңа өндірістер ашу маңызды. Германиялық компаниялар Қазақстан экономикасына белсенді түрде инвестиция салып келеді, алайда мен бұл әлі де мүмкіндіктердің шегі емес екеніне сенімдімін. Біздің өзара іс-қимылымыздың әлеуеті әлдеқайда кең, сондықтан екі елдің экономикасы мен мемлекеттердің мүддесі үшін бұдан да ауқымды нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Бүгінде Қазақстан өңірдегі жетекші экономика болып саналады. Қазақстанның даму жолы шынымен де ерекше әсер қалдырады. Дәстүрлі өнеркәсіппен қатар, сіздер жасанды интеллектіні дамытуға, цифрландыруға және цифрлық мемлекетті қалыптастыруға да ерекше көңіл бөліп отырсыздар. Біздің серіктестігіміз көптеген бағытты қамтиды, — деп атап өтті Катерина Райхе.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан мен Германия арасында жаңа жобаларды іске қосу жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан мен Германия арасындағы сауда көлемі $1,4 млрд-қа жетті, бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 5,9%-ға артық. 2005 жылдан бері Қазақстанға шамамен $7,8 млрд герман инвестициясы тартылды. Өткен жылы Германиядан инвестиция 28,5%-ға өсіп, $700 млн-ды құрады. Елімізде герман капиталының қатысуымен 1100-ден астам жұмыс істеп тұрған кәсіпорын бар, 23 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бұрын Германия компаниясы Қазақстанның көмір жобаларына қатысуға қызығушылық танытқанын жаздық.