Қазақстан Global Firepower әскери қуат рейтингінде 58-орында тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Global Firepower ұйымының жыл сайынғы әскери қуат рейтингінде өз позициясын сақтап қалды.

Казахстан удерживает позицию в рейтинге военной мощи Global Firepower
Коллаж: Kazinform/ Нейрожелі

Әлем бойынша 145 мемлекет қамтылған тізімде еліміз 58-орынға ие болды. Ал Орталық Азия елдері арасында еліміз жан басына шаққандағы әскери шығын көлемі бойынша бірінші орында тұр.

Global Firepower ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстанның әскери қуат индексі (PwrIndx) 1.0433 деңгейінде бағаланды. Бұл көрсеткіш нөлге неғұрлым жақын болған сайын, соғұрлым мемлекеттің әскери әлеуеті жоғары деп есептеледі.

Казахстан удерживает позицию в рейтинге военной мощи Global Firepower
Фото: Global Firepower

Әлемдік рейтингте көшбасшылық орынды 0.0741 индексімен АҚШ сақтап отыр. Екінші орында Ресей (0.0791), үшінші орында Қытай (0.0919) орналасқан.

Алғашқы ондыққа Үндістан (0.1346), Оңтүстік Корея (0.1642), Франция (0.1798), Жапония (0.1876), Түркия (0.1975), Италия (0.2211) және Бразилия (0.2374) енді.

Рейтингтің ең соңғы орындарын Либерия (3.9275), Суринам (4.0538), Орталық Африка Республикасы (4.2381), Белиз (4.3602) және Бутан (5.7991) иеленді.

Қазақстан Global Firepower әскери қуат рейтингінде 58-орында тұр
Инфографика: Kazinform

Сонымен қатар, қорғаныс бюджеті бойынша Қазақстанның көрсеткіші 5,836 млрд АҚШ долларын құрады.

Елімізде халық санына шаққандағы әскери шығын жылына бір адамға шамамен 284 АҚШ долларын құрайды. Бұл — Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш.

Салыстырмалы түрде алғанда, Түрікменстанда бұл көрсеткіш шамамен 209 долларды, Өзбекстанда — 162 доллар, Қырғызстанда — 88 доллар, ал Тәжікстанда 42 доллардан сәл асады.

Айта кетейік, Global Firepower рейтингті әзірлеу барысында 60-тан астам көрсеткіш ескеріледі. Олардың қатарында әскер саны, қаржылық мүмкіндік, логистика, географиялық орналасу, әскери техникамен қамтылу және экономикалық тұрақтылық бар.

Осыған дейін Қазақстан әскері қандай техникамен жабдықталғанына шолу жасаған едік.