Қазақстан голландтық раушан гүлдерін Ресейге экспорттай бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңесте Екібастұз қаласындағы голландтық раушандар өсіретін жылыжай кешенін іске қосты.

Қазақстан голландтық раушан гүлдерін Ресейге экспорттай бастайды

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз аз ғана уақытта әлемдік деңгейдегі заманауи жылыжай кешенін салдық! Қазіргі таңда бұл жоғарғы өнімділік беретін ең ірі жылыжайлардың бірі болып табылады. Жылыжайда 70 жұмыс орны ашылды. Оның көбіне нәзікжандылар тартылды. Шетелдік мамандар біздің қызметкерлерді толығымен оқытты. Қазір раушан гүлдерімізді көршілес Ресейдің қалаларына экспорттауды бастағалы жатырмыз», деді  «GreenhouseKZ» ЖШС директоры Айтмағамбет Сәрсенбекұлы.

Мемлекет басшысы өз кезегінде кешеннің іске қосылуына рұқсат берді.

Жаңа жылыжайда голландтық раушандар топырақта емес, минералды мақтада тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Аумағы 5 гектар кешен қажетті жарықты Екібастұз МАЭС-1 стансасынан алады. Алдағы уақытта елімізге голланд раушаны шетелден тасымалданбайды деп күтілуде.
«Раушан гүлдерін кезінде бізден голландтықтар алып кетіп еді. Енді оны қайтадан алып келдік. Қазақстанның барлық жерінде, Астанада сатылып жатыр. Бұл да керек, табыс әкелетін кәсіпорын. Мен қуаныштымын. Өндірісті бастаңыздар», - деді Елбасы.