Қазақстан GPS және GLONASS жүйесін пайдаланушылардың навигациялық аппараттарын шығаруды бастады
АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда көлік құралдарына қолданылатын GPS және GLONASS жүйесі үшін пайдаланушылардың навигациялық аппаратурасын (ПНА) шығаруды бастады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті, деп хабарлайды Рrimeminister.kz.
«Біз енді ПНА деп аталатын пайдаланушы аппаратурасын жасауды бастадық, ол көлік құралдарына кез-келген уақытта оның орналасқан жерін анықтау үшін орналастырылады. Онда дүние жүзіне белгілі GPS және GLONASS жаһандық навигациялық жүйесі пайдаланылады, келешекте Галилео, ол Еуропада жасалуда. Жүйелердің бірі істен шыққан жағдайда екінші баламасын пайдалану мүмкіндігі болады», - деді Т.Мұсабаев.
Қазғарыш мәліметі бойынша аталған аппараттарды «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ және «ҚазақстанҒарышСапары» ұлттық компаниясы» АҚ құруда. ПНА жұмыстарында шамамен 60 доктор және кандидат тартылған.
Айта кету керек, ПНА құру республикада қалыптастырылатын навигациялық инфрақұрылым жүйесіне енеді. ПНА-лардан бөлек дифференциалды станциялар базасында өңірлік навигациялық жүйе құрылуда.
«Бүгінде 10 дифференциалды станция, өңірлік орталық және мобильдік дифференциалдық станция құрамында өңірлік дифференциалды жүйе пайдалануға берілген. Тәжірибелік-құрастыру жұмыстары шеңберінде дифференциалдық станцияның отандық нұсқасы және оның арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуі жасалған. Теңіздік жергілікті дифференциалдық станцияны, Дифференциалдық түзету және бақылау орталығын, дифференциалдық станциялар жүйесін құру жұмыстары жүргізілуде», - деп мәлімдеді агенттік басшысы.
Сонымен бірге, бағдарламалық математикалық қамтамасыз етуді отандық мамандар орындайды, ал аталған бағдарлама бойынша қазақстандық қамту шамамен 50%-ды құрайды.
Ағымдағы жылы тағы да 50 дииференциялды станция пайдалануға берілген, олар республикалық дифференциалдық жүйені біржола қалыптастыруға жеткілікті болады.
Өз алдына нақтылығы жоғары спутниктік навигация жүйесін және дифференциалдық станцияларды құрумен «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ айналысады, оның құрамында «Ғарыштық зерттеулер институты», «Ионосфера институты», «В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институт» және «Ғарыштық техника және технологиялар институты» бар.
Ұлттық агенттік өкілі аталған жобаларды іске асыру республика аумағында жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің ақпараттарын пайдаланушыларға кепілденген және сапалы координаттық-уақыттық, сондай-ақ навигациялық қызметтер ұсынуға болатынын атап өтті.