12:03, 23 Тамыз 2022 | GMT +5
Қазақстан грек-рим күресінен әлем чемпионатын 6-орында аяқтады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Болгарияның София қаласында грек-рим күресінен U20 әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан командасының активінде үш медаль бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметіне сүйенсек, ең үздік нәтижені Юсуф Мациев көрсетті. Ол 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медальға ие болды.
Дінмұхамед Қошқар (67 келіге дейін) мен Мақсат Сайлау (87 келіге дейін) әлем біріншілігін үшінші орында аяқтады.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы 6-орынға тұрақтады. Командалық кестені Иран бастап тұр. Екінші орында – Әзербайжан, үшінші орында – Украина.
Фото: olympic.kz