Қазақстан Халық Кеңесі спайкингке қарсы заңнамалық түзетулердің негізін әзірледі
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары спайкингке қарсы жүйелі күрес жүргізу бағытында бірлескен жұмыс атқарды.
Бұл мәселе Марат Әзілханов пен Мәди Мырзағараевтың жетекшілігімен өткен Құқықтық мәдениет және медиация мәселелері жөніндегі салалық комиссияның жұмыс кеңесінде талқыланды. Жиынға Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
Спайкинг, яғни тағамдар мен сусындарға қауіпті немесе психоактивті заттарды қасақана қосу мәселесі, сондай-ақ жастар арасында есірткіге тәуелділіктің таралу қаупі бұған дейін де Мәди Мырзағараев тарапынан Қазақстан Халық Кеңесінің алаңында көтерілген болатын. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс практикалық кезеңге өтті. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен Құрылтай депутаттары бірлесіп, болашақ заңнамалық түзетулердің негізіне айналатын нақты әрі құқықтық тұрғыдан негізделген шараларды әзірлеу үшін күш біріктірді.
Мәди Мырзағараев атап өткендей, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Ал депутаттық корпуспен және салалық мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимыл қоғамдық бастамаларды нақты жұмыс істейтін құқықтық нормаларға айналдырудың негізгі тетігі болып саналады.
-Біздің басты міндетіміз – бүгінгі талқылаудың қорытындысы бойынша аталған мәселелерге қатысты мемлекеттік органдарға нақты, құқықтық тұрғыдан негізделген және іс жүзінде жүзеге асыруға болатын ұсыныстар әзірлеу, – деді Мәди Мырзағараев.
Кездесуге қатысушылар спайкингтің бақылауға көнбейтін әрі қоғамға қауіп төндіретін құбылыс екенін, оның құрбаны ересектер де, балалар да болуы мүмкін екенін атап өтті.
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланғанына қарамастан, бұл құбылыстың әлі күнге дейін нақты құқықтық реттелмегеніне назар аударды.
Оның айтуынша, бірлескен жұмыстың басты мақсаты – нақты құқықтық норманы қалыптастыру, құқық бұзушылықтың ауырлық дәрежелерін ажырату және әкімшілік жауапкершіліктен бастап қылмыстық жауапкершілікке дейінгі сараланған жауапкершілік шараларын қарастыру.
Заңнамалық түзетулерді әзірлеу барысында дәлелдемелік базаны қалыптастыруға да ерекше назар аударылады. Бұл ретте полиция мен медициналық қызметтердің үйлесімді жұмысы, соның ішінде токсикологиялық зерттеулерді жедел жүргізу шешуші рөл атқарады.
Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің төрағасы Марат Әзілханов бұл мәселенің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тікелей байланысты екеніне назар аударды. Ол Қазақстан Халық Кеңесінің заң жобаларын бастамашылық ету құқығын пайдалана отырып, алдағы уақытта да жүйелі жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ нақты заңнамалық нормалардың енгізілуі мұндай құқық бұзушылықтарға тосқауыл болатын маңызды тетікке айналатынына сенім білдірді.
Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің мүшесі Андрей Лукин есірткіге тәуелділіктің алдын алу бүкіл мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс міндет екенін атап өтіп, қауіп-қатерге жауап берумен шектелмей, ерте профилактика саясатына көшу қажеттігін айтты.
-Бүгін қарастырылған мәселе – бүкіл елге ортақ. Бұл, ең алдымен, азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мәселесі. Біз үшін қауіп-қатердің қайғылы жағдайға ұласуын күтпей, оның алдын алу маңызды. Сондықтан бүгінгі таңда басым бөлігі орын алған оқиғаларға әрекет етуге бағытталған модельден жүйелі мемлекеттік ерте профилактика саясатына көшу қажет деп санаймын. Яғни әлеуметтік қауіп-қатерлер қылмысқа, тәуелділікке, отбасылардың күйреуіне және адам тағдырына әсер ететін қайғылы жағдайларға ұласпай тұрып, олардың себептерін анықтап, жоюымыз керек, – деді Андрей Лукин.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ол ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді, оқушыларға, педагогтер мен ата-аналарға арналған бірыңғай цифрлық қауіпсіздік бағдарламасын енгізуді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды интернеттегі азғыру мен заңсыз әрекеттерге тартудан қорғау және құқыққа қайшы контентті бұғаттау тетіктерін дамытуды ұсынды.
Сонымен қатар Андрей Лукин жекеменшік оңалту орталықтарында лицензиялық талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту және оңалтудан кейінгі сүйемелдеу жүйесін дамыту қажеттігіне назар аударды.
Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің мүшесі, «Esti Bol Qory» қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев та кешенді өзгерістер енгізу қажеттігін қолдады. Ол Алматы сияқты ірі қалаларда жастардың осындай қауіп-қатерлерге осал екеніне тоқталды. Оның айтуынша, спайкинг құрбандары көп жағдайда қолдау көрсетудің орнына, стигматизацияға, жеке мәліметтерінің құпиялылығының бұзылуына және полиция немесе арнайы орталықтар тарапынан ресми хабарламалар берілгеннен кейін отбасылық қысымға тап болады.
Осыған байланысты Жандос Ақтаев азаматтық қоғамның практикалық тәжірибесіне сүйене отырып, зардап шеккендерге психологиялық және құқықтық қолдау көрсетудің заманауи стандарттарын заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ол ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді, оқушыларға, педагогтер мен ата-аналарға арналған бірыңғай цифрлық қауіпсіздік бағдарламасын енгізуді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды интернеттегі азғыру мен заңсыз әрекеттерге тартудан қорғау және құқыққа қайшы контентті бұғаттау тетіктерін дамытуды ұсынды.
Сонымен қатар Андрей Лукин жекеменшік оңалту орталықтарында лицензиялық талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту және оңалтудан кейінгі сүйемелдеу жүйесін дамыту қажеттігін атап өтті. Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің мүшесі, «Esti Bol Qory» қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев та кешенді өзгерістер енгізу қажеттігін қолдады.
Ол Алматы сияқты ірі қалаларда жастардың осындай қауіп-қатерлерге осал екенін атап өтті. Оның айтуынша, спайкинг құрбандары көп жағдайда қолдау көрсетудің орнына, стигматизацияға, жеке мәліметтерінің құпиялылығының бұзылуына және полиция немесе арнайы орталықтар тарапынан ресми хабарламалар берілгеннен кейін отбасылық қысымға тап болады.
Осыған байланысты Жандос Ақтаев азаматтық қоғамның практикалық тәжірибесіне сүйене отырып, зардап шеккендерге психологиялық және құқықтық қолдау көрсетудің заманауи стандарттарын заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.
Осыған дейін Жолдауды іске асыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мәселелері талқыланды.