Қазақстан Халық Кеңесінде азаматтық қатысу мен қоғамдық бақылауды дамыту жөніндегі бастамалар талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің Азаматтық қатысу және волонтерлік мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.

кеңесі
Фото: Халық кеңесі

Отырысқа қатысушылар Комиссия мүшелерінің азаматтық қоғамды дамытуға, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіруге, қоғамдық бірлестіктерді қолдауға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ балалар мен жастардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ұсыныстарын қарады.

Комиссияның қарауына қоғамдық және әлеуметтік өмірдің түрлі бағыттарын қамтитын барлығы 51 бастама мен ұсыныс келіп түсті. Олардың қатарында заңнамалық бастамалар, мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ нақты әлеуметтік жобалар бар.

Халық кеңесі
Фото: Халық кеңесі

Қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алтынай Көбеева қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар кешенін таныстырды. Атап айтқанда, қоғамдық ұсынымдар мен оларды қарау нәтижелерінің жария есебін жүргізу жүйесін енгізу, мемлекеттік органдардың кері байланыс ұсыну жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын ұйымдарды қолдау шараларын қарастыру ұсынылды.

Нұржан Жақупов тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға көмек көрсететін жеке оңалту орталықтарының қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру мәселесін көтерді. Мұндай ұйымдардың қызметіне, мамандардың біліктілігіне және көрсетілетін қызметтердің сапасына бірыңғай талаптар белгілеу, сондай-ақ көмек алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту ұсынылды.

Халық кеңесі
Фото: Халық кеңесі

Әлеуметтік қолдау саласында Гауһар Акижанова кешенді қолдауды қажет ететін балаларды ведомствоаралық сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін құру жөніндегі бастамасын айтты. Бұл ұсыныс денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарының өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Нәтижесінде балалар мен олардың отбасылары қажетті көмекті уақытылы ала алады.

Сонымен қатар Ақнұр Тұрдалиева балалар қоғамдық ұйымдарының құқықтық мәртебесін жетілдіру жөніндегі ұсынысын таныстырды. Бастама балалар бірлестіктерін дамыту, олардың білім беру ұйымдарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын кеңейту үшін заңнамалық жағдайлар жасауға бағытталған.

Халық кеңесі
Фото: Халық кеңесі

Отырыс барысында волонтерлікті дамыту, жастардың қоғамдық өмірге қатысуын кеңейту, «Таза Қазақстан» қағидаттары мен экологиялық бастамаларды ілгерілету, сондай-ақ азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелері де талқыланды.

Бапи
Фото: Халық кеңесі

Атап айтқанда, комиссия мүшелері үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге, олардың институционалдық әлеуетін нығайтуға және азаматтық қоғамның қоғамдық процестерге қатысуын кеңейтуге бағытталған «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасын талқылады.

Халық кеңесі
Фото: Халық кеңесі

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мүшелерінің ұсыныстары жинақталып, Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитеті аясында одан әрі сараптамалық пысықтауға жолданады.

Халық кеңесі
Фото: Халық кеңесі