Қазақстан Халық Кеңесінде мемлекеттік тілді ілгерілету жөніндегі бастамалар талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM - Рауан Кенжеханұлының төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесінің Мәдениет пен азаматтық бірегейлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.
Отырыс барысында кәсіби өнерді қолдау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, азаматтық бірегейлікті нығайту және жастар тәрбиесіне бағытталған бастамалар ұсынылып, талқыланды. Жиынға салалық комитет төрағасы Марат Әзілханов, сондай-ақ өңірлердің сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Отырыстың негізгі бөлігі мемлекеттік тілді, шығармашылық ортаны, әдебиет пен киноны жүйелі қолдау мәселелеріне арналды.
Жекелеген бастамалар мемлекеттік тілді дәріптеу мен шығармашылық жобаларды дамытуға арналды. Комиссия төрағасы Рауан Кенжеханұлы Қазақстан Халық Кеңесінің алаңында «Ана тілі» республикалық олимпиадасын өткізуді, түрлі этнос өкілдері арасында қазақ тілі бойынша «Жарқын болашақ» олимпиадасын қолдауды және «Ұлттық диктант» жобасын кеңейтуді ұсынды. Бұл білім беру бастамалары оқушылардың ауызша және жазбаша сауаттылығын арттырып, жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Білім беру шараларымен қатар, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай түрлі этнос өкілдері арасында жыл сайын «Алтын шаңырақ» республикалық айтысын өткізуді және «Бес асыл» ұлттық шығармашылық мегажобасын іске қосуды ұсынды. Жобалар өңірлік іріктеу кезеңдерін, тәлімгерлермен жұмысты және республикалық финалдық байқауларды қамтиды. Олардың мақсаты – түрлі этнос өкілдерінің шығармашылық әлеуетін ашып, қоғамдық келісімді нығайту.
Күн тәртібінде құндылық бағдарлары мен ақпараттық мәдениет мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Айгүл Садуақасова «Этика. Кеңістік. Құндылықтар» ғылыми-әлеуметтік жобасын ұсынды. Марат Әзілханов бастаманы «Жаңа қоғамдық этика» деп атауды ұсынып, оның Мемлекет басшысының қоғамда жаңа этикалық бағдарларды қалыптастыру жөніндегі міндеттерімен үндес екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмысты конференциялар мен пікірталастар өткізумен шектемей, білім беру ұйымдары мен серіктес мекемелерді тарта отырып, жүйелі әрі ұзақ мерзімді тетіктер негізінде жүзеге асыру қажеттігін айтты.
Қатысушылар барлық жобаны Президент айқындаған «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттары мен идеологиялық басымдықтарына сәйкес іске асырудың маңызын атап өтті.
Бұдан бөлек, Ольга Спирина, Алина Кан және Ерқанат Көпжасарұлы ақпараттық мәдениетті дамыту мен ұлттық мұраны сақтау бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыс қорытындысын шығара отырып, комиссия төрағасы Рауан Кенжеханұлы барлық бастаманы бағалаудың басты өлшемі олардың нақты нәтижесі, қоғамға тигізер пайдасы және оң өзгерістерге ықпалы болуы тиіс екеніне ерекше назар аударды. Талқылау қорытындысы бойынша ұсынылған жобалар ғылыми және сарапшылар қауымдастығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп, одан әрі пысықтауға жіберілді.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері ел азаматтарының сұраныстарын ескере отырып, қоғамдық өмірдің түрлі бағыттары бойынша жаңа өзекті бастамалар мен мемлекеттік органдарға арналған ұсынымдар әзірлеуді жалғастырады.