Қазақстан Халық партиясына 40 жастағы Нұрсұлтан Шоқанов төраға болды

АСТАНА. KAZINFORM – Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының төрағалығынан кетіп, орнына Нұрсұлтан Шоқанов сайланды

Нурсултан Шоканов
Фото: ҚХП

Парламент сайлауының алдындағы партия съезінде бұрынғы төраға Ермұхамет Ертісбаев соңғы үш жылдағы жұмыстың қорытындысын шығарып, басшылықтың жаңаруы партия дамуының табиғи кезеңі екенін айтты.

Партияның ресми сайты Дделегаттардың басым дауысымен Нұрсұлтан Шоқанов ҚХП төрағасы болып сайланғанын хабарлады.

Съезде делегаттар партия Жарғысының жаңартылған нұсқасы мен жаңа айдентикасын да бекіткен.

Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Менеджмент, экономика және болжау жөніндегі Қазақстан институтын (KIMEP) «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған.

Еңбек жолын халықаралық Ernst & Young аудиторлық компаниясында бастаған. Кейін «Сандриллинг» мұнай сервистік компаниясында басшылық қызметтер атқарып, корпоративтік қаржыға, әкімшілік басқаруға, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару мәселелеріне жетекшілік еткен.

2009 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Қоғамдық тамақтану, азық-түлік жеткізу, бөлшек сауда, ақпараттық технологиялар, өндіріс және дистрибуция салаларында жұмыс істейтін OMIR Group компаниялар тобының директорлар кеңесін басқарады. Бүгінде топ құрамындағы кәсіпорындар Қазақстанның алты қаласы мен төрт мемлекетте жұмыс істейді.

2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясынан Алматы қаласы мәслихатының VII және VIII шақырылым депутаты болды. Онда құрылыс, сәулет, қалалық инфрақұрылым, урбанистика және жер қатынастары мәселелері жөніндегі бейінді комиссияларды басқарды.

2022 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық, кейін Алматы облыстық филиалдарын басқарды.

2023 жылы Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы болды. Кейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі – басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.

Сондай-ақ, ол Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті.

Бұған дейін «Ақ жол» демократиялық партиясы мен «Ауыл» партиясының төрағалары да ауысқанын жазғанбыз