Қазақстан халық үніне құлақ асатын ел екенін тағы да дәлелдеп отыр – Өзбекстанда дауыс берген қазақстандық

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бұл референдум – Қазақстанның халық үніне құлақ асатын ел екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мұндай пікірді Ташкент қаласында орналасқан № 399 референдум учаскесінде алғаш болып дауыс берген қазақстандық Зәмзә Хайруллина білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Ташкент
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Өзбекстанда іссапармен жүрген Зәмзә Хайруллина елдік мәселелерде таңдау жасаудан қалыс қалмай, азаматтық ұстанымын білдіру маңызды деп санайды.

«Бұл референдум – Қазақстанның халық үніне құлақ асатын ел екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мен - дәрігермен, 10 күн бойы Өзбекстанда іссапармен жүрмін. Сондықтан өзімнің азаматтық көзқарасымды білдіріп, Ташкент қаласында орналасқан референдум учаскесінде дауыс беріп жатырмын. Бұл әр азамат үшін маңызды деп ойлаймын, сондықтан елдік мәселелерде таңдау жасаудан қалыс қалу орынсыз деп санаймын», - деп пікір қосты Зәмзә Хайруллина.

Алғашқылардың бірі болып дауыс берген тағы бір Қазақстан азаматы Анархан Мадиярова да референдум – әр азамат үшін маңызды таңдау жасайтын кезең екенін атап өтті.

Ташкент
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Әрбір отандасымыз үшін маңызды таңдау жасайтын кезең. Мен Қазақстан азаматымын, дегенмен 30 жылға жуық Өзбекстанда жұмыс істеп келемін. Әрқашан ұлттық мәселелерден шет қалған емеспіз. Бүгін референдумда дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым», - деді Анархан Мадиярова.

Еске салайық, Ташкент қаласындағы №399 референдум учаскесі Қазақстан Республикасының елшілгі ғимаратында (Абай көшесі, 1) орналасқан. Онда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00-ге дейін жалғасады.

Бұған дейін Сеулдегі референдумда бірінші қазақстандық болып халықаралық ұйым қызметкері Камила Маутова дауыс бергенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Шанхай және Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдықтарында Атом электр стансасын (АЭС) салу жөніндегі республикалық референдумға дауыс беру пункттері ашылды.

Соңғы жаңалықтар