Қазақстан халқы өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуі керек — Президент

Тоқаев
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқы өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуікерек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты.

«Азаматтарды әлеуметтік ортаға кіріктіру жүйесі Отанға деген сүйіспеншілік идеалдарын насихаттауға және халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеуге негізделуі керек деп санаймын. Елге қажетті құндылықтар, көзқарастар мен түсініктер қалыптастыру және қоғамдағы татулық пен келісімді нығайта түсу — аса маңызды міндет. Бұл мәселені бақылаусыз қалдыруға болмайды. Оның бәрін Ассамблея да, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар да үнемі бақылауда ұстауға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент балаларды іргелі құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеуге баса мән беру керектігін баса айтты. 

«Өскелең ұрпақтың дүниетанымы тарихқа қатысты өкпе-реніштен, догматизмнен және мәдени стереотиптерден ада болуға тиіс. Жастардың дүниетанымы өткенді, бүгінді және болашақты біртұтас ұлтымыздың еш бөлінбейтін ортақ мұрасы ретінде эмоциясыз, саяси астарсыз шынайы қабылдауға негізделуі өте маңызды. Біз, Қазақстан халқы өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек. Біздің идеологиямыздың тірегі — мемлекетіміздің Тәуелсіздігі. Ең бастысы — дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде „Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз“, „Қазақстанның халқы біртұтас“ деген қағидаттар көрініс табуға тиіс», — деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар