Қазақстан халқына қорынан ауыл балаларына жазғы лагерьге жолдамалар таратылды

қор
Фото: «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «QH Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасы бойынша бүгін Қазақстанның барлық өңірінде ауыл мектептерінің директорларына 5-8 сынып оқушыларға арналған жазғы демалысқа сертификаттар табысталды. Аталған шара 14-23 наурыз аралығында өтіп жатқан «Наурызнама» мерекелік онкүндігі аясында ұйымдастырылды. 

Жазғы демалысқа жолдама 10-14 жас аралығындағы ауыл мектептерінде оқуда, спортта, шығармашылықта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, мектеп өміріне белсене атсалысып жүрген, аз қамтылған, көп балалы, әлеуметтік осал және басқа да санаттағы отбасылардан шыққан 20 000 балаға беріледі. 
Сертификаттарды салтанатты тапсыру рәсімі көркемөнерпаздардың қатысуымен 2 860 ауылдық мектепте, сондай-ақ 1 046 ауылдық округтер мен аудан әкімдіктерінде өтті. Жақсылық марафонымен жалпы саны 3 876 ауылдық мектеп қамтылды. Қайырымдылық іс-шарасы балалар мен ата-аналар үшін және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жалпы жұртшылық үшін нағыз мерекеге айналды.

«Балаларға берілген жолдаманы көктем мейрамы қарсаңында және «Наурызнама» бағдарламасы аясында әр аудан мен мектептерде табыстауды ұйғардық. Мұндай іс-шаралар Наурыз мейрамының өскелең ұрпақ үшін құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ қайырымдылық идеяларын насихаттауға ықпал етеді деп санаймыз», - деді «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.


«Жобаның серіктесі – Оқу-ағарту министрлігі. Ведомство балалардың жазғы демалысының бағдарламасын, критерийлерін, қызмет көрсетушілерді іріктеу мен бақылау тетіктерін анықтайды. Ауылдық мектептер өңірдегі білім басқармаларымен бірлесіп оқушылар арасында жазғы демалысқа жолдамаларды іріктеу мен бөлуді қамтамасыз етеді.

қор
Фото: «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры

Ақпаратта айтылғандай, «QH Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасының бюджеті – 2,1 млрд теңге. Жоба тек ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдерге бағытталған. Өскелең ұрпақтың бойында шабыт пен патриотизмді арттырып қана қоймай, көпмәдениетті ортада қарым-қатынас пен өмірлік қажетті дағдыларды нығайтады, сондай-ақ кәсіптік бағдарлау мен олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту элементіне айналады.

қор
Фото: «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры

 

Соңғы жаңалықтар