«Қазақстан халқына» қорының есебінен 25 оңалту орталығы ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан халқына» қоры ел өңірлерінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 25 оңалту орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қордыңбасқарма төрағасы Болат Жәмішев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

- Біз қазірдің өзінде ауылдарда облыстық деңгейдегі 5 оңалту орталығын, аудандық деңгейдегі 4 оңалту орталығын аштық. Жыл соңына дейін ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 25 оңалту орталығын ашу көзделген, - деді ол.
Жалпы қор әлеуметтік қолдау және оңалту саласында 16,3 млрд теңгенің29 жобасые іске асырып жатыр.
- Сонымен қатар, спорт және мәдениет саласында 9,5 млрд теңгенің 14 бағдарламасы мен жобасы іске асырылуда. Батыс Қазақстан облысында 25 ауылдық кітапхананы жаңғыртып жатырмыз. Шалғайдағы елді мекендерде қордың қолдауымен ауыл жастары үшін 100 спорт залы ашылды. Ауылдық жерлерде, моно және шағын қалаларда ангар үлгісіндегі 40 спорт залын салу жоспарлануда, - деді қор басшысы.
Еске салсақ, былтыр тамызда «Қазақстан халқына» қоры 850 білім грантын бөлген еді.