Қазақстан халқының неше пайызы ұшақпен қатынап жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Қазақстан халқының неше пайызы азаматтық авиацияның қызметін тұрақты түрде пайдаланатынын айтты.

- 2023 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компаниялары 13,3 млн жолаушы тасымалдады. Демек, бір жылда Қазақстандағы 20 млн халықтың 66,5%-ы әуе тасымалын пайдаланды, - деп жазылған ресми мәліметте.
Басқаша айтсақ, әр авиа жолаушы бір жылда орта есеппен 1 947 шақырым жолды ұшақпен еңсерген.
- 2023 жылы жолаушылар айналымы 25 898,5 млн жолаушы/шақырым болды. 2023 жылы 1 адамға алғанда орташа есеппен 1 947 км келеді, - делінген жауапта.
Министрлік есеп жүргізу тәсілін келесідей түсіндіреді:
- Көрсеткіштер «Көлік статистикасы көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 15 шілдедегі №145 бұйрығының негізінде қалыптастырылады. Көлік статистикасы көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістеме халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.
Бұған дейін «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан аспанынан қанша табыс тауып отырғанын жазған едік.