Астана халқының саны 1,5 миллионға жуықтады

Халық саны
Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық статистика бюросы халық санына қатысты жаңаланған демографиялық статистикалық цифр жариялады. Бюро мәліметінше, 2024 жылдың 1  маусымындағы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы халық саны 20 139 914 адамға жеткен. 

Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметке сәйкес, 2024 жылдың қаңтар және маусым айлары аралығында халық санының өсімі 106 072 адамды құраған. Жыл басында елімізде 20 033 841 адам өмір сүрсе, 1 маусымдағы көрсеткіш бойынша халық саны 20 139 914 адамға жеткен.   

Қала халқының саны 12 552 583 адам болса, ауыл халқының саны 7 587 331 құрап отыр. Ал Қазақстанда 10 302 166 әйел тұратын болса, ерлердің саны 9 837 748. 

Қазақстан халқының ең көп бөлігі Алматы қаласында өмір сүретіні белгілі болып отыр. Онда 2,2 млн адам тұрады. 

Екінші орында Түркістан облысы. Аталған өңірде 2,1 млн тұрғын болса, Алматы облысында 1,5 млн халық өмір сүреді. 

2024 жылдың 1 маусымдағы көрсеткішке сай бас шаһар Астанада 1 464 415 адам, ал Шымкент қаласында 1 236 901 тұрғын өмір сүретіні белгілі болды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram