16:43, 14 Наурыз 2014 | GMT +5
Қазақстан халқы 1 жылда 252 мың адамға өсті - Статистика
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы 1 жылда 252 мың адамға өсті. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Биылғы жылдың 1 ақпанында еліміздегі халық саны 17 млн. 187 мың адамды құрады. Оның 55 пайызы - қалалықтар, ал 45 пайызы - ауылдықтар. 2013 жылдың 1 ақпанымен салыстырғанда, яғни 12 айдың ішінде халық саны 252 мың адамға немесе 1,5 пайызға өсті», - деді ол.
Сонымен қатар, оның атап өтуінше, АХАТ органдарында дүние есігін ашқан 33 мың сәби тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 6,9 пайызға кем. Аталған жайт ағымдағы жылдың қаңтарында 2013 жылғы қаңтарға қарағанда кеш тіркелу фактілері санының аз болуына орай орын алған.
«Қайтыс болғандар саны 12,2 мың адамды құрады немесе 2013 жылғы қаңтарға қарағанда 13,5 пайызға кеміді», - деді Ә.Смайылов.