Қазақстан халқы Ассамблеясы ел азаматтарын индустрияландыру жобаларында біріктірмек
![None None](/static/img/plug.webp)
«Елімізде жүріп жатқан индустрияландыру саясатына әрбір Қазақстан азаматын жұмылдыру маңызды. Нақты осындай істің барысына барша елдің бірлігін ұйымдастыруға болады. Сондықтан осындай мақсатқа негізделе отырып, бірнеше жобалар таныстырылып отыр»,-деді форумда сөйлеген ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.
Осы орайда ол 100-ге тарта жобаның 60-қа жуығы индустриялық-инновациялық жобалар екенін, оның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сонымен қатар құрылыс , металлургия салаларындағы жобалар бар екенін жеткізді.
«Аталған 60-қа жуық нақты жобалар бүгінгі осы форумға шығарылды. Осы жобалардың алтауын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қарастырып, оларды іске қосуға және қаржыландыру мүмкіндігі жасалып отыр»,-деді Е. Тоғжанов.
Атап айтқанда, форум аясында 3 секциядан тұратын көрме ұйымдастырылды. Ондағы біріншісі этномәдени бірлестіктердің бизнес, ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық даму салаларындағы бастамалары тақырыбына, ал екінші секция ҚХА-ның әлеуметтік қолдау және қоғамды әлеуметтік жаңғыртуға қатысты жобалары, сондай-ақ соңғысы Қазақстанның барлық аймақтарынан келген қолөнер шеберлерінің жұмысына арналған.
Форум Елбасының ҚХА-ның XVII сессиясында Ассамблеяның Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамыту және әлеуметтік жаңғырту үдерісіндегі рөлін нығайту бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында ұйымдастырылып отыр