Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының халыққа Жолдауына қатысты өз ұстанымдарын саралап алды
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының халыққа Жолдауын талқылап, соған орай өз ұстанымдарын белгіледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы Н. Назарбаевтің бүгінгі халыққа Жолдауынан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының және ұлттық бірлестіктердің мүшелері ондағы көрсетілген міндеттер мен мақсаттарды талқылауға арналған кеңеске жиналды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоқжанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының Жолдауында айтылған басымдықты бағыттардың ішінде ұлтаралық келісімді сақтау, ұлттық қауіпсіздікті күшейту, халықаралық қатынастарды дамыту мәселелеріе ерекше тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы еліміздің Ұлттық стратегиясын жасақтауды тапсырды. Достық пен бірлікті сақтау және оны мемлекеттілігіміздің кепілі ретінде қарау, сонымен қатар әрбір қазақстандықтың экономикалық өсімге өз үлесін қосуы, әлемдік нарыққа және аймақтық экономикаларға отандық нарықты ықпалдастыру мәселелері белгіленді. Осы тақырыптарға біздің де қосар ісіміз болады деп санаймын», дейді Е. Тоғжанов.
«Осы Жолдаудан кейін біздің қазақстандықтардың сана-сезімін тәрбиелеу және қалыптастыру қажет деген қорытындыға келдім. Мемлекетіміздің қандай экономикасы болмасын, тек біздің көпұлтты еліміздегі бейбіт өмір, төзімділік, тұрақтылық және бірін-бірі түсінісу қабілетіне ие бола білу - Қазақстанның өркендеуіне кепіл бола алады», деді Корей музыкалық комедия театрының директоры Ни Людмила.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің айтуынша, онда ең негізгі жайттардың бірі бұл істі қоғамдық бақылауға алу. Бұл Ассамблеяға тікелей қатысы бар өте маңызды мәселелердің бірі деп санайды жиналғандар.
Кеңес отырысының соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ел халқына арнаған үндеуін жариялады.