Қазақстан халқы Ассамблеясы Н.Назарбаевты президенттiк сайлаудағы жеңiсiмен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Нұрсұлтан Назарбаевты президенттiк сайлаудағы жеңiсiмен құттықтады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Н.Назарбаевты президенттiк сайлаудағы жеңiсiмен құттықтады

"Қазақстан халқы Ассамблеясы Сiздi және Сiз арқылы - барша Қазақстан халқын 2015 жылғы президент сайлауындағы айқын жеңiсiңiзбен құттықтайды", - дедi Ассамблея Төрағасының бiрiншi орынбасары Ералы Тоғжанов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жеңісіне арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының салтанатты жиналысында. - Қазақстан халқы тарихи таңдау жасады және ел дамуының ең күрделi кезеңдерiнен мемлекеттi сенiмдi түрде алып шыққан өзiнiң Елбасына дауыс бердi. Сiздiң саяси көшбасшылығыңыз бүгiнгi күнi қалыптасқан ғаламдық ахуалдан және мемлекет дамуы мен Қазақстан халқының қалауынан туындайтын мiндеттердiң объективтi баламасыз шешiмi деп мәлiмдеймiз. Сайлау нәтижелерi Сiздiң толық, талассыз беделiңiздi көрсеттi".

Жиынға ҚХА мүшелері, ҚХА Кеңесі, ҚР Парламентінің депутаттары, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ҚХА ғылыми сараптамалық кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысқан болатын. Олар бiрауыздан, өткен сайлау Қазақстан халқының бiрлiгiн және тұтастығын, өз тағдырын дербес шешуге деген ынтасын көрсеттi деп бағалап отыр.

"Дауыс берушiлер саны ел тарихында бұрын болмаған рекордтық керсеткiшке ие болды. Қазақстан халқы келешек алдындағы жауапкершiлiгiн сезiне отырып, халық пен елдiң биiк мүддесiн ескерiп, азаматтық және патриоттық парызын орындау мақсатында таңдау жасады. Бұл таңдау халықтың көшбасшысы - Елбасы, Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың жеңiсiне айналды! Бұл - Қазақстан халқының жеңiсi!" - деп атап өттi Ассамблея төрағасының орынбасары.

Еске сала кетейік, 2015 жылдың 14 ақпанында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мен ҚХА кеңесінің мүшелері қатысқан отырыстың қорытындысында, Қазақстан халқына кезектен тыс ҚР Президенті сайлауын өткізу жөнінде бастама көтерген болатын.