Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан Мәжіліс депутаттарын сайлауға дауыс беру басталды

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына түсіп жатқан үміткерлерге дауыс беру басталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан Мәжіліс  депутаттарын сайлауға дауыс беру басталды

Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан Парламенті Мәжілісінің депутаттығына 9 үміткер ұсынылып отыр. Олар - «Тұрлаулы Қазақстан» қорының басшысы Әлиев Жұматай,  Республикалық ұйғыр мәдениет орталығының басқарма мүшесі Мурат Ахмадиев, «Возрождение» Қазақстан немістері қоғамдық бірлестіктері қауымдастығы кеңесінің мүшесі Егор Каппель, Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Роман Ким, «Вайнах» шешен және ингуш халықтары мәдениетін дамыту қауымдастығының тең төрағасы Ахмет Мурадов, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы кеңесінің мүшесі Надежда Нестерова, Астана қалалық «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің басшысы Зухра Саяпова, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Қазақстан украиндерінің радасы» одағының төрағасы Юрий Тимощенко, «Дустлик» республикалық өзбек этномәдени бірлестігінің құрметті төрағасы Розақұл Халмурадов. Сайлаудың қорытындысы бүгін түс қайта белгілі болмақ.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына түсіп жатқан үміткерлерге дауыс беру Ассамблеяның кезектен тыс XVIII сессиясы аясында өтіп жатыр. Оның жұмысына еліміздің барлық аймақтарынан келген республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктер, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция қатарынан құралған ҚХА мүшелерінің делегациялары, ҚР-да аккредиттелген халықаралық байқаушылар және шетелдік БАҚ, Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер байқаушылары қатысуда.