Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған іс-шаралар 6 ақпанда басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналған іс-шаралар 6 ақпанда бастау алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған іс-шаралар 6 ақпанда басталады

«Ассамблеяның негізгі үлкен тойлары 6 ақпанда алғашқы ең үлкен іс-шарасынан кейін бастау алады», - деп атап өтті ол.

Е.Тоғжановтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Конституциямыздың 20 жылдығына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына байланысты арнайы іс-шаралар кірмек.

«Арнайы Ассамблея жылының туы көтеріледі. Сол үлкен шаралар басталып, жылдың аяғына дейін жүргізіледі. Ассамблея жылына байланысты Елбасының қатысуымен Ассамблеяның арнайы сессиясы өтеді. Тамызда Конституция күніне арналған іс-шаралар бар. ҰОС-ына қатысқан аталарымызды, аналарымызды, олардың ерлігі мен еңбегін дәріптеу жүреді. Ең соңында, 1 желтоқсан күні Тұңғыш Президенттің күніне арналатын Қазақстан халқы форумымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын аяқтаймыз. Әрбір бағыт нақты жобалармен атап өтіледі», - деді Е.Тоғжанов.

Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, биылғы жыл той тойлаумен емес, қоғамдық келісімнің мән-маңызын ұғындырып, оны елде бекіте түсумен ерекшеленетін болады.

«Ішкі саясаты мығым елдің сыртқы саясаты да берік болады. Мұндай мемлекетке қоғамдық келісім конституциялық негіз ретінде дамыған кезде ғана қол жеткізіледі», - дейді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, бұл жыл - той тойлайтын жыл емес, ой ойлайтын жыл. Ойластыратын, өткенімізді терең зерттеп, бүгінгі күнімізді қайтадан зерделеп қарап, болашақты анықтайтын жыл. Өйткені жаһандану заманында Қазақстан өзінің саясатын, әсіресе, оның ішінде қоғамдық келісім саясатын жүргізуде, ұлттық саясаттағы бағыт-бағдарын тағы бір екшеп алуы қажет.

«Ассамблеяның жылы дегеніміз - бұл ең алдымен бірліктің жылы, татулықтың жылы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы салған қоғамдық келісім моделінің жылы. Қазақстан халқы Ассамблеясы моделін біз Біріккен Ұлттар Ұйымында 2008 жылы таныстырған болатынбыз. 2010 жылы 56 Еуропа елі кіретін ЕҚЫҰ ұйымына да Астанада болған саммитте көрсеттік. Сондықтан биылғы тойдың басты мәні де, мақсаты да - бірлікті нығайтуға бағытталады», - деді Е.Тоғжанов.