Қазақстан халқы Ассамблеясына елдегі барлық қайырымдылық акцияларын үйлестіруші рөлі жүктеледі - Н.Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясына елдегі барлық қайырымдылық акцияларын үйлестіруші рөлі жүктеледі. Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасында Алғыс айту күніне арналған іс-шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Менің тапсырмаммен Ұлт жоспары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясына елдегі барлық қайырымдылық акцияларын үйлестіруші рөлі заңмен бекітілген. Үкімет және барлық қатысы барлар мұны ұйымдастыруы қажет. ҚХА тарихы - бұл біздің достығымыз бен тұрақтылығымыздың тарихы», - деді Елбасы.
Осы ретте Мемлекет басшысы бейбітшілік пен келісімде өмір сүру бұл біздің құнды тәжірибеміз екендігін әрі оны әр уақытта қорғауға тиіс екендігімізді баса айтты.
«Біреу өзінің ұлты өзгеден жақсы екендігін немесе ұстанатын діні өзгеден артық екендігін айтқан кезде ең қорқынышты жайттар орын алады. Біз оны әлемнің түпкір-түпікірінен көріп отырмыз. Қоғамда оңбағандар кездеседі, түрлі жайттар болады. Бірақ, біз тұрмыстық жайттарға назар аудармауымыз қажет», - деді Н.Назарбаев.