Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасына өзгерістер енгізілмек
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына толықтырулар енгізілетін болады. Мұндай тұжырымдама қолданыста барын білесіздер. 2008 жылы қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Е.Тоғжанов.
Оның айтуынша, Ассамблея замана ағымына сәйкес өзгеріп отыруы тиіс. Керек десеңіз одан озық жүру, бір қадам алда тұру мақсаты да қойылып отыр.
«Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі жеке белгіленетін болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Ассамблея жалпы мемлекеттік, жалпы азаматтық және саясиүстілік институт деген болатын. Сондықтан осы тұрғыда өзгерістер Қазақстан Ассамблеясының мазмұндық жағын қамтып, институттық құрылымын бекітуге бағытталатын болады», - деді ол.
Ассамблея Төрағасының бірінші орынбасары атап көрсеткеніндей, бұл толықтырулар орталық мемлекеттік атқарушы органдардың жұмысын реттейтін заңдарға да өзгерістер алып келуі ықтимал.