Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі қазақстандықтарды қоғамдағы мәдениетаралық үнқатысудың маңызды институты құрылуының 15 жылдығымен құттықтады
Аталған бастама, делінген Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің құттықтауында, мәдениетаралық үнқатысуды нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт деп бағаланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 15 жылдық даму жолында институттық тұрғыда нығайып, ұйыстырушы және зияткерлік мүмкіндігін жетілдірді, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Байырғы қазақ ұлтының ғасырлар бойы қалыптасқан төзімділік қасиеті мен құнды мәдениетіне негізделген Ассамблеяның сан салалы мәдени бұтақтары Қазақстан халқының баға жетпес рухани игілігіне айналды.
Ассамблея еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен сындарлы дамыту мақсатына айтулы үлес қосты.
Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасып, этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың құқығы пен еркіндігі қамтамасыз етілді. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.
Ассамблея халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалып, оның этносаралық үнқатысуды ұйымдастыру бағытындағы тиімді қызметі ЕҚЫҰ-ға мүше елдер тарапынан қызығушылық тудырып отыр.
Ассамблея өзінің он бес жылдық тарихында 15 сессия өткізіп, аталған шараларда қоғам өміріндегі маңызды мәселелер мен мемлекет дамуындағы негізгі бағыттар талқыланды.
Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының халыққа Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мен егемен Қазақстанның басты құндылығы - Тәуелсіздікті нығайту бағытында белсенді қызмет атқарып отыр. Бұл қоғам және ел болашағы алдындағы аса маңызды міндет пен ауқымды жауапкершілік.
Әрбір үйде, әр отбасында, қалалар мен ауылдарда бейбітшілік пен келісім орнап, өзара түсіністік пен азаматтық қолдау біздің ортақ Отанымыз - Қазақстанның игілігі мен өркендеуіне үлес қоса берсін деп тілейміз, делінген Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің құттықтауында.