Қазақстан халқы Ассамблеясының моделі - бейбітшілік пен ұлтаралық татулықтың символына айналды - Л. Ни
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Любовь Ни Ассамблеяның бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын қорытындылап, қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Биылғы жыл, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланған болатын. Сондықтан, Ассамблея басшылығы жыл бойы маңызды шаралар ұйымдастырды. Оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мемлекет, қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері белсене қатысты. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы - Елбасының ғаламдық бастамасы. Бүгінгі таңда бұл модель бүкіл әлемге танылды. Биылғы жыл бұл жүйенің өміршеңдігін көрсетті. Біз осыдан бір ай бұрын Мәскеуде өткен Ресей халықтары Ассамблеясының форумына қатысып қайтқан болатынбыз. Көршілер Елбасымыздың мұндай бастамасының алдында бастарын иетіндігін және көпұлтты мемлекетте бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді қалай сақтау керектігін бізден үйрену қажеттігін ашық айтты. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Бұл жерде мен зиялы қауым өкілдерін ерекше атап өткім келеді. Елбасы ұсынған бес институционалдық реформада болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыру жөнінде айтылған. Мұны жүзеге асыруда зиялы қауым өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін айтқым келеді», - деді Л. Ни.
Сондай-ақ, Любовь Ни қазіргі таңда елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жүзеге асырылған барлық әлеуметтік жобалардың бірінші кезекте бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталғандығын айтты.
«Қазір әлемде қаржы дағдарысы ушығып тұр. Бірақ соған қарамастан біздің болашаққа деген сенімімз мол. Біз Ұлт жоспары «100 нақты қадамды» жүзеге асыру арқылы дағдарысты ойдағыдай еңсеретін боламыз», - деді Л. Ни.