Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Президент Н.Назарбаевты кезектен тыс сайлаудағы жеңісімен құттықтады

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Президент Н.Назарбаевты кезектен тыс сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Президент Н.Назарбаевты кезектен тыс сайлаудағы жеңісімен құттықтады

130-дан астам ұлтты біріктіріп отырған этномәдени бірлестіктер Елбасына өз құттықтауларын жеткізу үшін бүгін, Астанадағы М.Горький атындағы орыс драма театрында форум өткізді. Құттықтауды ҚХА Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов оқыды.

Онда ҚХА өкілдері мен этномәдени бірлестіктер басшылары Елбасын, 3 сәуір күні өткен кезектен тыс президенттік сайлауда қол жеткізген айқын жеңісімен құттықтап, оның кандидатурасын қолдап ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінен, этномәдени және діни бірлестіктер, саяси партиялар мен еңбек ұжымдарынан, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдармен қатар жастардан құралған ел азаматтарының 95,5 пайызы дауыс бергендігін айтқан.

Құттықтауда сондай-ақ: «Дауыс берушілердің сайлауға қатысудағы белсенділігі - халқымыздың өскен ел, туған жер тағдырына жауапкершілік сезімінің аса жоғары екендігін көрсетті. Мақсат - шынайы шындық арқылы жеңіске жету. Ал біздер ел болашағы мен тәуелсіздікті нығайтуға ауызбіршіліктің арқасында жеткен халықпыз.

Біздер үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, бірліктен асқан қасиетті ұғым жоқ. Біз өткенін ұмытпайтын елміз. Ата-баба мұратын ұлықтайтын елміз. Біз Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында халық мұратын жаңа белеске шығарып, өз келешегімізді өзіміз кемелдендірген елміз. Біз атамекеннің көркін, ата-жұрттың абыройын асыру жолында күш-жігерімізді аямайтын елміз.

Біз Сіздің бастамаңызбен, жаңа мемлекеттің жаңа қоғамын, тәуелсіздік тарихын қалыптастыра отырып, өзімізді де жаңа уақыттың талабына сай өзгерте білдік.

Сізге дауыс бере отырып, халқымыз әр аптасы жылға татитын жетістіктерге қол жеткізді. Сіздің салиқалы саясатыңыздың арқасында бабалар арманы болған Тәуелсіздік орнады, экономикалық және әлеуметтік реформалардың іске асуын қамтамасыз еткен тұрақтылық пен қоғамдық келісім елімізді әлем елдеріне танытты.Сіздің басшылығыңызбен, Қазақстан сенімді және нәтижелі табыстарға қол жеткізді. Қадірлі Отанымыздың игілігі артып, өсіп-өркендеу жолына түсті.

Сіздің жеңісіңіз - бұл бүкіл Қазақстанның жеңісі, халық абыройының асқақтауы, қымбат Отанымыз үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығына ең қымбат сыйы.

Халқымыз туған жерге деген ыстық сезімін, азаматтық парызын, жалпыұлттық келісімді, берекелі қазақ жеріндегі бейбітшілік және тыныш өмір үшін өз таңдауын жасады.

Біз бірге өз тағдырымызды өзіміз таңдадық!

Біз Сіздің басшылығыңызбен - болашақтың іргесін бірге қалаймыз!», - делінген.