Қазақстан халқы әйгілі әнші Ермек Серкебаевты соңғы сапарға шығарып салды

АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қала жұртшылығы қазақстандық мәдениеттің көрнекті өкілі, даңқты әнші Ермек Серкебаевты соңғы сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу рәсімі оның бүкіл шығармашылық өмірі байланысты болған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті.

Қазақстан халқы әйгілі әнші Ермек Серкебаевты соңғы сапарға шығарып салды

Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Е.Серкебаевтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Мемлекет басшысының жеделхатын қала әкімі Ахметжан Есімов оқып берді. Ол Е.Серкебаевтың бүкіл өмірі мен шығармашылығы Алматымен тығыз байланысты болғанын атап өтті.

Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед аңызға айналған әнші өмірін лайықты өткізгенін атап көрсетті. «Ол бірегей тамаша адам болды - талантты әртіс және педагог, жарқын қоғам қайраткері. Ол тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына белсене араласты, мәдениетте ғана емес, қоғамдық өмірдің басқа да салаларда Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау көрсетіп отырды», - деді М.Құл-Мұхаммед.

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко өмірден ұлы әнші ғана емес, нағыз азамат өтті, деп атап өтті. «Ол шынайы патриот, мемлекеттік тұрғыда ойлайтын адам еді», - деді ол.

«Ол опера өнерінің ұлы кәсіпқойы еді. Оның жасаған сахналық образдары әлемдік мәдениет тарихына енді, оның бірегей орындаушылық қабілетінің арқасында қазақтың халық әндері түрлене түсті. Мен үшін ол әрқашанда парасатты қамқор аға, дос және әріптес болып қалады», - деді КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова көзіне жас алып.

Қоштасу рәсімінде сөйлегендердің бәрі ұлттық мәдениетіміз қабырғасы қайысқан үлкен қазаға душар болғанын айтты, өйткені Ермек Серкебаев тұтас дәуірді құраған дарабоз талант иесі еді, оның шығармашылығы еліміздің ән өнерінің тарихында, ал есімі - халық жүрегінде мәңгі сақталады.

Опера және балет театрына мыңдаған қарапайым алматылықтар келді. Өнер ортасындағы дәстүр бойынша, әйгілі әншіні жиналғандар қол шапалақтап шығарып салды. Е.Серкебаев «Кеңсай» бейітіне жерленді.