Қазақстан халқы бүгінгі жауапкершілік танытуы керек – Смағұл Елубай

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай N301 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқы бүгінгі жауапкершілік танытуы керек – Смағұл Елубай

Жазушы бүгінгі өтіп жатқан сайлауға жұрттың ықыласы бөлек екенін айтты.

«Біз бұрын да талай сайлауға барғанбыз. Ол кезде біреу зорлап апарғандай, сайлауда жұрттың көңілі самарқау болатын. Ал бүгінгі сайлауға жұрттың ықыласы бөлек. Әсіресе, соңғы айдың ішінде саяси науқанда үміткерлерді ұсыну кезінде құлшыныс, ынтымақтастық зор болды. Сондай-ақ Қазақстан халқына, сайлаушыларға қай партияны, кімді сайлауға ерік берілді. Халық осы сәтті дұрыс пайдаланып, жауапкершілігін танытуы керек. Себебі, біз сайлаған адам ертең Парламент Мәжілісінде біздің дауысымызды шығарады, біздің атымыздан сөйлейді. Ендеше осы Конституциялық құқығымызды дұрыс пайдаланайық», - деді жазушы Смағұл Елубай.

Еске салайық, бүгін елімізде Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтіп жатыр. Алматыда сайлау учаскелері таңғы 07:00-де (арнайы мекемелерден бөлек) ашылды. Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Шаһарда 602 сайлау учаскесі жұмыс істеуде.