Қазақстан халқы елдегі тұрақтылықты жоғары бағалап отыр – Талғат Қалиев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Халық алдағы жеті жылдық мерзімде жарияланған бастамалардың орындалуын күтіп отыр. Бұл туралы «ҚСЗИ GPS» сараптама алаңының отырысында Этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, сайлауға халықтың басым бөлігінің қатысуына Қазақстан қоғамының елдегі тұрақтылықты сақтап қалуы тұрғысындағы талпынысы әсер етті. Өйткені әлемдегі болып жатқан шиеленістер халықты алаңдатып отыр.

«Қазақстан халқы тұрақтылықты одан сайын бағалай бастады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген 82 пайыз дауысқа тоқталсақ, халық алдағы жеті жылдық мерзімде жарияланған бастамалардың орындалуын күтіп отырғанын білдіреді. Кандидатқа дауыс берген халық бірігу қабілетін көрсетті. Осы орайда, қоғам биліктің барлық әрекетіне, кадрлық саясатына, жаңа шешімдеріне жоғары талаппен баға беретін болады», - деді Т. Қалиев.

Оның пайымынша, қоғам алдағы парламентті сайлау науқанына дейін тиісті өзгерістердің өз күшіне енуін күтіп отыр. Бұл тұрғыда күн тәртібінде экономиканы, банк секторын монополиясыздандыру, мемлекеттік басқарудың барлық парадигмасының түбегейлі өзгеруі тұр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды.


Соңғы жаңалықтар
telegram