Қазақстан халқы Президент сайлауының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр - Джейкоб Зенн
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының бірлігі елдің кез келген жаһандық сынаққа төтеп бере алатынын көрсетті. Бүгін елімізде өтіп жатқан кезектен тыс Президент сайлауына орай өткен баспасөз мәслихатында АҚШ байқаушылар миссиясының өкілі, саясаттанушы Джейкоб Зенн осылай мәлімдеді.
Брифинг барысында АҚШ өкілі Астанада бірқатар сайлау учаскелерін аралағанын, сол арқылы дауыс берушілердің белсенділігін жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Осының өзі Қазақстан халқы үшін Президент сайлауының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Жалпы, кез келген елдегі сайлау - сол елдің демократиясының қаншалықты дамығанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, 20 жыл бұрынғы Қазақстанды бүгінгі Қазақстанмен салыстырсақ, бүгінгі елдің жағдайы, демократиялық институттар құрылымының прогресі туралы айтуға болады», - деді Дж. Зенн. «Әлемдік түрлі қатерлердің үдей түскен шағында Қазақстан халқының бірлігі осы елдің кез келген жаһандық сынаққа әзір екенін көрсетеді», - деді ол.