Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында алғаш рет «Инновациялық күн» шарасы өтеді

АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан халқы тілдерінің XV фестивалі салтанатты түрде ашылады. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов мәлім етті.

Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында алғаш рет «Инновациялық күн» шарасы өтеді

Оның хабарлауынша, фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі бүгін кешқұрым Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында өтеді. Содан бастап қыркүйектің 20-сына дейін сан алуан мәдени-интеллектуалдық шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Астананың №56 мектебінде - орыс сыныптарында оқитын қазақ балалары арасында қалалық тіл олимпиадасы (11-12 қыркүйек), №4 мектепте - «Тіл халық жанын танудың кілті» байқауы (17-18 қыркүйек), сондай-ақ басқа да іс-шаралар өтеді. «Биылғы фестивальдің ерекшелігі сол, алғаш рет қазақ тілін оқытудың жаңа технологияларына арналған «Инновациялық күн» шарасы ұйымдастырылмақ. Бұл шара 5 қыркүйек күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді», - дейді Е.Тілешов.