Қазақстан халқы тілдерінің XIV фестивалі аяқталды

АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында Қазақстан халқы тілдері XIV фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Қазақстан халқы тілдерінің XIV фестивалі аяқталды

Бір айға созылған Қазақстан халқы тілдері XIV фестивалі аясында 300-ге жуық үлкенді-кішілі іс-шаралар өтті. Сол кезде талай өнерпаздар өз өнерлерін паш етті. Мәселен, «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» байқауы барысында мемлекеттік қызметкерлер өзара сынға түсіп, қазақ тілін білу жағынан жарысты. Ол сайыста Астана қаласы сотының мамандары үздік деп танылды. Бұдан басқа, қаланың білім беру мекемелерінде сан алуан тіл ұстарту конкурстары ұйымдастырылды. Оған өзге ұлттардың өкілдері көптеп қатысты. Бүгін олардың бәрі Оқушылар сарайының сахнасына шығып, өз өнерлерін тағы бір мәрте паш етті. Іс-шара аясында оларға мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесі үшін Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының алғысхаттары табысталды.