Қазақстан халқы тұрақтылық пен гүлдену жолын жемісті жалғастыратынына сенемін -ҚР Президенті Н. Назарбаев
АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат / Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстан халқы тұрақтылық пен гүлдену жолын жемісті жалғастыратынына сенемін.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқына Ант беріп, жаңа президенттік мерзімге ресми кіріскеннен кейін сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
Өз сөзінде Президент бүкіл әлемге ықпалдастық пен ашықтық Қазақстанның саналы шешімі екендігін айтты. Бұдан бөлек, Елбасы Ресей мен Беларусь мемлекеттерімен бірге Қазақстан Кеден одағын дамытатынын, жақын жылдары Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру үшін жұмыстар атқарылатынын, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты ұстанатынымызды атап өтті.
«Қазақстан АҚШ-пен, Еуропалық одақ елдерімен стратегиялық әріптестіктің нығаюына ниетті. Біз Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен, түркі мемлекеттерімен аса тығыз байланыста боламыз. Қазақстанның ағымдағы жылы Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық етуі барысында біз барлық Ислам әлемімен ынтымақтастықты арттыруға ниеттіміз. Орталық Азиядағы қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыру Қазақстанның ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ және ҰҚШҰ қызметтеріне белсенді қатысуына, сондай-ақ НАТО-мен әріптестікті кеңейте түсуіне де байланысты. Мен Қазақстан халқы тұрақтылық пен гүлдену жолын жемісті жалғастыратынына сенемін. Бүгінгі Қазақстан өз алдына жоғары мақсаттар, биік мұраттар мен амбициялар қоя білетін және оның орындалуына қол жеткізе алатын мемлекет. Біз бұны дәлелдедік, оны тағы да дәлелдейтін боламыз», - деді Н. Назарбаев.