Қазақстан халқын таза ауыз сумен толық қамтамасыз етуге әлі 10 жыл керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқын таза ауыз сумен толық қамтамасыз етуге әлі 10 жыл керек. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан халқын таза ауыз сумен толық қамтамасыз етуге әлі 10 жыл керек

«Ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесін толықтай шешу үшін министрлік аталған проблеманы шешудің түрлі жолдарын іздеп, жүйелі шаралар қабылдауда. Мәселен, бүгінгі күні республикадағы 6 601 елді мекеннің 4 034-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етумен қамтылмаған. Оларда 2,7 млн адам тұрып жатыр. Оның 1 462-сі жаңа құрылысты, 1 104-і жаңғыртуды талап етеді.  Аталған 1 104 елді мекенде су тәулігіне 12 сағаттан аз беріледі», - деді министр еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау барысында.

Оның дерегінше, 1 452 елді мекенде 200-ден аз, ал 16 елді мекенде 500-ге жетпейтін адам тұрады. Сонымен қатар аталған елді мекендердің даму әлеуеті де төмен. Яғни, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесін салу экономикалық тұрғыда тиімсіз.

«Осылайша, 2,7 млн адамды толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тіпті қазіргі жыл сайынғы қаржыландыру көлемін сақтап қалғанның өзінде проблеманы шешу 2027 жылы ғана мүмкін болмақ. Жылдық қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізгенде 2025 жылға қарай шешуге болар еді. Жалпы сома 717 млрд теңгені құрайды», - деді Асқар Мырзахметов.